2022 жылы майнерлер бюджетке 3 млрд теңге салық төледі

Бауыржан Мұқанов

Биылдыққа әзірге 240 млн теңге түсті

Фото: Halyq Uni

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан Республикасы аумағында цифрлық майнингпен айналысатын тұлғалар бюджетке 3,07 млрд теңге салық төледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар цифрлық майнинг бойынша төлемақы төлеуге міндетті. 

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда цифрлық майнингке төлем енгізілген. Бұл төлем пайдаланған электр энергиясының көлеміне қарай бекітіледі.  

Ал 2023 жылдың 6 ақпанында Президент «Цифрлық активтер туралы» заңға қол қойған еді. 

«Цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты Қазақстан Республикасының экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі үшін цифрлық активтерді шығару және айналымы, Қазақстан Республикасында цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамыту болып табылады», – делінген заңда.

2023 жылдың I тоқсаны бойынша Цифрлық майнинг бойынша төлемақыны төлеу мерзімі есепті салық кезенінен кейінгі екінші айдың 25 күнінен кешіктірілмей төленеді, яғни 2023жылдың 25 мамырына дейін төленуі тиіс.

2023 жылдың 27 сәуіріне дейін бюджетке 240 млн теңге түскен. Бұл ретте, цифрлық активтердің бір бөлігі криптобиржалар көмегімен қолма-қол ақша арқылы шығарылады. Үкімет кеншілердің көлеңкелі кірістерін бақылауды ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Halyq Uni 2023 жылы инвестициялауға болатын ТОП 10 жаңа криптовалютаны атаған еді.