Шетелге көбірек мұнай сатуға рұқсат беру ұсынылды

Дәурен Ерболат

Бұл өңірдегі әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік береді

Фото: zakon.kz

Қызылорда облысына шетелге көбірек мұнай сатуға рұқсат беру керек. Бұл туралы сенатор Руслан Рүстемов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

Қазір Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемінің төмендеу үрдісі байқалып отыр. Соңғы 8 жылда мұнай өндіру 60%-ға қысқарды. 2013 жылы облыста 10,5 мың тонна мұнай өндірілсе, 2023 жылы (болжамды деректер бойынша) 3,5 мың тонна мұнай өндірілген. Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар мұнай өнімдерінің 80%-ын ішкі нарыққа, қалған 20%-ын экспортқа өткізіп жатыр. Мұнайдың ішкі нарықтағы құны – 2,5 есе төмен, - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Руслан Рүстемов Қызылорда облысына шетелге көбірек мұнай сатуға рұқсат беру қажет деген пікірде.

«2017 жылдан бері Энергетика министрлігі Қызылорда облысына мұнай экспорт квотасын ұлғайту мәселесі «Кеңқияқ-Атырау» реверсі жобасы іске қосылғаннан кейін ғана техникалық мүмкін болады деген ұстанымда болып келді.

Бұл жоба Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін 80%-дан 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда 2021 жылы аталған реверс қолданысқа берілгенмен Энергетика министрлігі Қызылорда облысында мұнай көлемінің сарқылуына байланысты квотаны ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ екенін хабарлады.

Аталған мәселе Үкімет тарапынан егжей-тегжейлі қаралып, қолдау тапқан жағдайда Қызылорда облысындағы бірқатар өзекті әлеуметтік проблеманың шешімі табылатыны анық, - деп сөзін түйіндеді сенатор.