×

Премьер-министр азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмай отырған өңірлерді атады

Үкімет басшысы тиімсіз жұмыс істеп отырған әкімдіктерді сынға алды

 Дәурен Ерболат 25.04.2023 | 11:57
фото: ашық дереккөз

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын тұрақтандыра алмай отырған өңірлерді атады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету керектігін атап өтті.

Сондықтан мемлекеттік органның әрбір жауапты басшысы кешенді жоспардың іс-шараларын сапалы орындауға бар күш-жігерін салуға тиіс. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға өскен. Оның ішінде Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада – 0,2%-дан жоғары болды, - деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов билік өкілдерін төмендегі мәселелерге назар аударуға шақырды.

«Біріншіден, өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуі қажет. Әсіресе, үстеме бағалардың тиісті 15%-дық мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек. Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Біз ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салуымыз қажет. Тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсетуге тиіспіз. Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек», - деді ол.

Екіншіден, өңірлерде форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорлары, айналым схемасын қолдану, монополияға қарсы және саудадағы реттеу шараларының іске асырылуын ерекше бақылауда ұстау маңызды.

Жергілікті жерлерде бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға, сақтау көлемін кеңейтуге, логистикаға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға барынша қолдау көрсету қажет, - деді Үкімет басшысы.

Үшіншіден, Сауда, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, кешенді іс-шаралардың орындалуын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуге тиіс.

«Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсарту қажет. Ай сайын жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді іс-шаралардың орындалу барысын қарап, тиісті шешімдер қабылдаймыз», - деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама