Ол тауарлар әскери мақсатта пайдалануы мүмкін
Қазақстанмен Ресейге қайта экспортталып жатқан тауарлар жөнінде диалог жүргіземіз. Бұл туралы Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Біз қазақстандық серіктестерімізбен бірге күдік тудыратын сауда көлемін анықтадық. Қандай тауарлардың экспорты Еуропадан Қазақстанға ұлғайғанын және сол тауарлардың Ресейге қайта экспортталатын жағдайын анықтадық. Стратегиялық маңызы өте жоғары тауарлардың тізімін жасадық. Бұл тауарлар әскери мақсатта қолданылуы мүмкін және біз оларды қос қолданыстағы немесе озық технологиялардың тауары деп атаймыз, - деді Дэвид О'Салливан Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Арнайы өкіл РФ-ға экспортталып жатқан тауарлар тікелей немесе жанама түрде әскери мақсатта пайдалануы мүмкін екенін жеткізді.
Сондықтан бүгін және ертең Үлыбритания, АҚШ-тан келген әріптестерімізбен бірге Қазақстан Үкіметімен осы жағдайды қарастырып, осындай сауда көлемін толық талқылаймыз. Қолданыстағы немесе озық технологиялық тауарлар Ресейге баратынын немесе бармайтыны анықтап, ондай жайттар расталса, оны қалай шешеміз деген диалог құрамыз, - деді ол.
Дэвид О'Салливан Ресейге салынға санкциялар біраз уақыт күшінде болатынын айтып қалды.
«Тіпті алдағы бірнеше аптада немесе айда соғыс аяқталады деп елестеткен күннің өзінде бізге шешуге тура келетін көптеген мәселелер әлі де бар. Бұл санкциялар болашақта бізбен бірге болады», - деп түйіндеді сөзін арнайы өкіл.
Айта кетейік, бұған дейін ЕО Ресейге салынған санкция салдарын қазақстандық шенеуніктерге түсіндіретінін хабарлаған еді.