Қос ел көлік саласын дамытуға ниетті
Мәскеуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Ресей кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Марат Қарабаев пен Ресейдің Көлік министрі Виталий Савельевтің төрағалығымен Қазақстан-Ресей ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы көлік саласы бойынша кіші комиссиясының XVII отырысы өтті. Отырыста қос елдің көлік саласындағы әріптестігінің негізгі бағыттары, оның ішінде «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің логистикалық әлеуетін іске асыруға қатысты бірлескен жоспарлар қаралды.
Сондай-ақ екіжақты байланысты кешенді дамыту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді.
Алқалы жиынның қорытындысы бойынша хаттамаға және Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік шекараларындағы автомобиль және теміржол өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына (жол карталары) қол қойылды. Оны іске асырудың нәтижесінде екіжақты жүк айналымы мен жолаушылар ағыны ұлғайтылып, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетінің одан әрі үдемелі дамуы қамтамасыз етіледі деген жоспар бар, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ РФ Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен кездесуде геология саласында іскерлік қарым-қатынас орнату жолдары қаралды. Оған қоса, Марат Қарабаев Қазақстан мен Ресейдің бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, оның барысында бірлескен кооперациялық жобалардың қазіргі жағдайы, ынтымақтастық перспективасы талқыланды.