Алматыда 3 мыңнан аса тұрғын банкроттыққа өтінім берген

Дәурен Ерболат

Олардың арасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар да бар

Фото: Halyq Uni

Алматыда 3 мыңнан аса тұрғын өзін банкротпын деп жариялауға өтінім берген. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Алматы қаласы бойынша басқармасы қарыздармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Айдос Будугулов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заңды іске асыру аясында 3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтінімдерді қабылдау басталды. 24 сәуірдегі жағдай бойынша 3 662 өтінім түсті, – деді басшы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өтінім бергендердің арасында АӘК алушылар (362 адам), 5 жыл бойы қарызынан құтыла алмай жүргендер (690 адам) бар.

Бүгінде 3 662 өтініштің 3055-і (80%) қаралған. 503 адамға соттан тыс банкроттық рәсімі қозғалды. Бұл – түскен өтініштердің 14%-ы. 2 552 өтінім бойынша соттан тыс банкроттық жариялауға рұқсат берілмеді. 

Соттан тыс тәртіпте банкроттық туралы өтінім бергенде белгілі бір талаптар қойылады. Қазақстандықтар бұл тәртіпті 1600 АЕК-тен жоғары (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы берешектердің барлық түрі бойынша қолдана алады, – деді Айдос Будугулов.

605 өтінімге (барлық түскен өтінімнің 16%-ы) тексеру жүргізіліп жатыр.

Бүгінде сот банкроттығына қатысты 58 өтінім түскен:

  • 6 адамға  банкроттық туралы азаматтық іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылып, қаржы менеджерлері тағайындалды.
  • 32 адамға сот арызды қайтарды. Оны қабылдамаудың негізгі себебі – талап-арыздың талапқа сәйкес келмеуі болып саналады.

Айдос Будугуловтың айтуынша, банкроттыққа өтінім 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Банкроттық рәсімінің өзі 6 айға созылады. Оның мерзімі өткеннен кейін банкрот деп танылғандардың тізімі уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады.

Соттан тыс банкроттық туралы өтінім беру үшін азаматтар e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ азаматтарға арналған Үкімет порталына хабарласа алады.

Сондай-ақ ХҚКО арқылы қағаз түрінде өтініш беруге болады. Ал сот арқылы банкроттық рәсімінен өту үшін тұрғылықты жер бойынша сотқа жүгіну керек.

Айта кетейік, банкрот деп танылған адам 5 жыл несие ала алмайды.