Алғашқы екі айда елге аударылған ақшаның 40 пайызы Ресейден келген
Биыл қаңтар-ақпан айларында шетелден ақша аудару жүйелері арқылы түскен қаражат көлемі 53,4 млрд теңгеге жетті, бұл 2022 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда бірден 69,1% артық.
Бұған дейін осы кезеңдегі ақша аударымдарының көлемі үш жыл қатарынан төмендеген еді.
Ranking.kz сайтының хабарлауынша, ақша аудару жүйелерінің ішінде ресейлік «Золотая Корона» көш бастап тұр, ол арқылы биыл қаңтар-ақпан айларында 28,1 млрд теңге аударылған. Олардан кейін Western Union (10,8 млрд теңге), MoneyGram (6,1 млрд теңге), «Юнистрим» (5,5 млрд теңге) және Contact (2,6 млрд теңге).
ААЖ арқылы ең көп ақша аударылған елдердің ішінде Ресей бірінші орында: биыл қаңтар-ақпан айларында 21,7 млрд теңге, 2022 жылдың қаңтар-ақпанындағы 3,8 млрд теңгемен салыстырғанда 5,7 есе өсті.
Одан кейін Өзбекстан: 6,1 млрд теңге, бір жылдағы өсім — 1,3%. Алғашқы үштікті Оңтүстік Корея жапты: 5,2 млрд теңге, бір жыл ішінде 14,7% өсті.
Содан кейін АҚШ (5,2 млрд теңгеден сәл аз), Түркия (3 млрд теңге), Қырғызстан (2,6 млрд теңге) және Германия (2,5 млрд теңге).
Биыл қаңтар-ақпан айларында ААЖ арқылы Қазақстанға аударылған ақшаның 40,7%-ы Ресейден келді, былтыр көрсеткіш 12,2% болған.