×

Шетелден заңсыз келеді, заңсыз компания ашады, оны ешкім тексермейді – депутат

«Бизнес-иммигрантпыз» деп жүргендер кім

 Ербол Тұрымбет 20.04.2023 | 13:57
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Елімізге визасыз келетін бизнес-иммигранттар көбейген. Олар Қазақстанда компания ашып, елден тайып тұрады. Ал компания жалған құжат жасап, қаражатты көлеңкелі айналымға шығарумен айналысып жүр. Бүгін Сенат отырысында депутат Андрей Лукин осындай мәселе көтерді. Оның сөзінше, бизнесменбіз деп келген шетелдіктердің ісінде былық көп болса да құзырлы органдар көз жұмып отыр.

Жалпы, миграция туралы заң бойынша бизнес-иммигранттар – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер. Бірақ бизнес-иммигрант визасын алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынған.

Бұл талап тек ЕАЭО елдерінің азаматтарына ғана жүрмейді.

Депутаттың сөзінше, көп жағдайда шетелдіктер бизнес-иммигрант визасын алмастан өз атына заңды тұлға тіркей береді. Мәселен, елімізде резидент еместердің қатысуымен 18 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде 10 мыңнан астамы ЕАЭО елдері азаматтары болса, қалған 7,5 мыңы өзге елдерден келгендердің атында. Оның өзінде тек мыңы ғана бизнес-иммигрант визасын алса, қалған 6,5 мыңында ондай жоқ.

Қызығы да осы жерде басталады. Сол үшінші елдердің азаматтары заңды тұлға құрып алғаннан кейін елден тайып тұрады. Ал артында қалған компаниясы жалған шот-фактуралар жазып беруге, салықтан жалтаруға және қаражатты көлеңкелі айналымға енгізуге қолданылады.

Мәселен, қазір сол визасы жоқ бизнес-иммигранттар құрған 198 компанияның 4 млрд теңгеден астам қарызы бар. Тағы мың жарымы тіркелген жерінде болмай шықса, 2 мыңдайы тіпті жұмыс істемей тұр. Мұның өзін толық көрінісі емес.

Мемлекеттік кірістер органдары мұндай заңсыз құрылған заңды тұлғаларды жою үшін үстерінен шағымдана алады. Оның жарқын мысалы компанияны құрған адамның бизнес-иммигрант визасын алмауы. Бірақ мол органдар қолынан келетін шараны еш жерде атқармай отыр, – дейді сенатор.

Себебі, «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің жергілікті өкілдіктері де ондай заңды тұлғаларды миграциялық заңға қайшы келсе де тіркей береді. Онысын профильді нормативтік актілерге сілтейді. Өйткені, ол құжатта бизнес-визасыз жүрген шетелдіктердің атына заңды тұлға тіркемеуге негіз жоқ.

Сондықтан Андрей Лукин заңды күшейтіп, тиісті органдар тарапынан бақылауды арттыру қажет екенін айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама