×

«Қазақстан көштің соңында қалады». Тоқаев Үкіметке тапсырма берді

Президент Үкімет қымбатшылықпен күресе алмай жатқанын айтты

 Дәурен Ерболат 19.04.2023 | 11:23
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Қазақстан экономикасын әртараптандыруды тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді. Жаңа ғана еліміздің даму барысы туралы Үкіметтің есебін тыңдадық», - деді президент Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Әлихан Смайылов бастаған Үкімет қымбатшылықпен тиімді күресе алмай жатқанын айтты. Президенттің мәлімдеуінше, соңғы 15 жылда азық-түлік бағасы айтарлықтай көтерілген. Биыл ақпанда инфляция ( 21,3%) шарықтау шегіне жеткен.

«Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады.

Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама