Биыл 1 миллионға жуық адам жұмыспен қамтылады – Әлихан Смайылов
Үкіметтің алдында инфляцияны екі есеге дейін төмендету міндеті тұр
Кейінгі төрт аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелмеді. Бұл туралы премьер-министр елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы экономикамыздың нақты өсуі 3,2%-ды құрады. Елімізге 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, 18%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 8%-ға ұлғайды. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, 134 млрд долларды құрады», - деді Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 миллионнан асты.
Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 33,5%-дан 36%-ға дейін өсті. Жалпы өткен жылы 980 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, - деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысының айтуынша, қаңтар-наурыз айында жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 4,9%-ды құрады.
Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр:
- құрылыста – 16%;
- саудада – 12%;
- көлік саласында – 8%;
- өңдеу өнеркәсібінде – 5,4% өсім тіркелді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артты.
«Экономиканың өсуіне, сондай-ақ салықтық әкімшілендірудің жақсаруына байланысты мемлекеттік бюджет кірістері 24 пайызға көбейді. Бұл өз кезегінде, биылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік берді», - деді Смайылов.
Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық резервтері 94 млрд долларды құрады. Өткен жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері 3 млрд долларға көбейіп, 58 млрд долларға жетті.
Бағаны тұрақтандыру – үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеттерінің бірі. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр. Нәтижесінде биыл наурызда жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады. Соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ. Біздің алдымызда биыл инфляцияны екі есеге дейін төмендету міндеті тұр, - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр.
«Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлеммен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді. Халықтың табысын арттыру мақсатында 3 млннан аса адамның жалақысы өсті. Биыл ұлттық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістер ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және вакансиялар есебінен 1 млнға жуық адам жұмыспен қамтылады», - деді Смайылов.