Halyq Uni логотип
×

Қазақстандағы ауылдардың келешегін шетелдік мамандар шешті ме?

Қазақстанда 2 795 ауылдың «келешегі жоқ»

 Айнұр Шошаева 17.04.2023 | 12:33
Қазақстандағы ауылдардың келешегін шетелдік мамандар шешті ме?
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда үш жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып жатыр. Бағдарламада елдегі 6 295 ауылдың 3 500-і ғана қаржыландыру көзделген, қалған ауылдардың «келешегі жоқ» деп танылған, деп хабарлайды Halyq Uni

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ләззат Қожахметованың сөзінше, бағдарламаны әзірлеу кезінде 2 795 ауыл «келешегі жоқ ауыл» есебінде қаржыландырудан қағылған. 

Келешегі жоқ ауылдардың тізімінде қалаға жақын, ауқатты ауылдар да жүр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы қай ауылды дамытуды ҚР Ұлттық экономика министрлігі шетелдік сарапшыларға тапсырған. Яғни, Қазақстанда қай ауылды республикалық бюджеттен қолдау керегін халықаралық мамандар шешкен. Бұл мамандар әкімдіктерге бас сұқпаған, өңірлердің пікірін сұрамаған. Нәтижесінде Қазақстандағы жарты ауыл тізімнен сызылған. Аудан, ауыл әкімдерінің өзі бұл тізімге наразы, – деді ол. 

Аталған бағдарламаға 2019-2022 жылдары 326 млрд теңге жұмсалды. Биыл 200 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. 

«Қарағанды – ірі, үлкен облыстардың бірі. Алайда бақандай 200 млрдтың тек 9 млрды ғана Қарағанды облысына бөлінген. Жалпы, облыстағы 280 ауыл «Ауыл – ел бесігі» жобасына кірмеген. Осакаров ауданындағы бір ауыл (кеңшар) жобаға кірмеген, ал оның бөлімшесі жобаға енген. Қалаға тиіп тұрған Ақбастау ауылы да жобаға кірмей қалған. Ұлттық экономика министрлігі 2795 ауылды «келешегі жоқ» деп таныған соң, облыстар мен аудандар да ол ауылдарға қаржы бөлуді азайтты», – деп қосты депутат. 

Оның пікірінше, ауылы «келешегі жоқ» деп алалау болашақта үлкен әлеуметтік проблемаларға әкеледі. 

Қарағанды облысында тізімге енбеген 280 ауыл келешекте тарайды, жабылады деген сөз. 280 ауылдың тұрғынына бос үй мен жұмыс тауып беруге басқа ауылдар да қауқарсыз. Яғни, енді осы ауыл тұрғындары Қарағандыға ағылады, үйсіздер қатарын толықтырады. 280 ауыл жабылғандықтан, ет, сүт, көкөніс бағасы аспандайды, – деді ол. 

Еске сала кетейік, «Ауыл – ел бесігі» жобасы 2020 жылы қабылданған болатын.Үкімет осы бағдарламамен 2025 жылға дейін 6,6 миллион ауыл тұрғынын сапалы инфрақұрлыммен қамтамасыз етуді жоспарлады. 

«Бағдарламаның ережесі бойынша тізімге енген ауылдар тек бір рет қана қаржыландырылады. Сонда 526 млрд теңге ауылдардың тек бір мәселесін шешуге ғана бөлінген бе? Ол ауылға жолы, мектебі, спорт кешенін жөндеу үшін тағы қаржы бөлінсе, ауыл гүлденіп кете ме?  Қазақстандағы ауылдарға мемлекеттік қолдаудың қажет-қажет еместігін шетелдік сарапшылар емес, ауыл адамдары мен әкімдіктер анықтауға тиіс. Қазақстандағы 2795 ауылды таратып, ен даланы бос қойғаннан кім ұтады? 3 жылдан соң бітеді. Қаншама миллиардтар бөлінді. Бірақ Қазақстандағы 3,5 мың ауылды әлі толық қаржыландырып біткен жоқ. Қалған 2 мың ауылды не істейміз?» – деді Ләззат Қожахметова. 

Halyq Uni Экономика министрлігіне бағдарламаның әзірлеушілеріне қатысты, сондай-ақ қаржыландырылатын ауылдар қандай критерийлермен іріктелгенін білу үшін ресми сауал жолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама