×

«Жаңа жүйеде ақау бар»: Фермерлер субсидиялау жүйесіне қатысты шағымданып жатыр

Шаруалара Үкімет басшысына хат жолдамақ

 Айнұр Шошаева 14.04.2023 | 13:21
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі ақаулардың салдарынан фермерлер есебін тапсыра алмай, борышкерлер тізіміне енгізілген, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Shopan Ata» ұлттық агроқозғалысының ұйымдастыруымен мемлекеттік платформа жұмысының өзекті мәселелерін талқылау бойынша жиын өтті. Ұйымның мәліметінше, шаруалардан Gosagro.kz порталының жұмысына қатысты шағымдар түсіп жатыр. Qoldau порталының жүйесіз жұмысы жаңа құрылған Gosagro.kz порталының жұмысын кешуілдетіп отыр. Атап айтқанда, порталдың дұрыс жұмыс істемеуінен шаруалар есебін тапсыра алмай, борышкерлер тізіміне ілініп, кредиттік тарихы бұзылған. 

Жиынға қатысқан ҚР АШМ вице-министрі Бағлан Бекбауов алдағы дүйсенбіден бастап еліміздің әр өңірінде жүйені түсіндіру жұмыстарын жүргізетін кеңселер ашылатынын айтты.  

Осы жылдың басына дейін «Qoldau» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп келген еді. Бұл жүйе заман талабына сай болмағандықтан, нарықтан кетті. Қазір жаңа жүйе құрылды. Кемшіліктері анықталып жатыр. Оларды бірлесіп реттейміз, – деді Бағлан Бекбауов.

 «Shopan Ata» ұлттық агроқозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың пікірінше, бұл бағыттағы жұмысты шешуге көмектесетін арнайы жұмыс тобының құрылуы керек.  

Қазақ шаруалары мемлекеттік субсидияның әділ бөлінуіне, жер мәселесінің оң шешімін табуына, «Gosagro.kz» порталының жүйелі жұмыс істеуіне мүдделі, – деді  Садырбаев.

Салалық одақтар мен шаруалар субсидиялау платформасындағы ақау салдарынан борышкерлерге айналып, несие тарихы бұзылған шаруалардың «қара тізімге» ілігу мәселесіне қатысты Үкімет басшысына хат жолдауды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев субсидиялаудың бірыңғай  мемлекеттік ақпараттық жүйесіне қатысты түсініктеме берген болатын. 

«СБМАЖ шешуді қажет ететін техникалық мәселелер бар, бірақ Gosagro.kz жүйесі жұмыс істеп тұр. Көбінесе кедергі өтініш берушінің деректерін растауға қатысты жаңа тәсілі болып отыр. Егер қысқаша тоқталып өтетін болсам. Біріншіден, енді фермерлер бұрынғыдай егіс алқабының көлемін «көзмөлшермен өлшеп», шекарасын қолмен сыза алмайды. Ал деректердің дұрыстығын ғарыштық мониторинг (КГС) – егістік карталарын растайтын болады. Шаруалар жерлерін дереу ретке келтірулері керек. Жерді игермегендерге осы бастан кірісуіне кеңес беремін. Және маңыздысы бұрынғы «Qoldau» жүйесімен жасалған жұмыстарға жүргізілген талдау сәйкессіздіктерді анықтап отыр. Мысалы, бірқатар фермерлік шаруашылықтардың пайдаланып отырған жері қолмен сызып, «көзмөлшермен өлшей» салған көлемнен әлдеқайда аз болып шыққан», – деп жазды ол. 

Сондай-ақ ол норматив пен субсидия сомасындағы айырмашылықты мысалға келтірді. 

Мәселен, фермердің шын мәнінде 500 гектар жері болғанмен, ескі жүйе арқылы қолмен 1000 гектар деп көрсетіп, яғни, субсидияны өзіне тиесілі мөлшерден артық алып алуы мүмкін. «Qoldau» жүйесінде кездесетін тағы бір өрескел заң бұзушылық – фермер қолмен енгізген егістік карталарындағы жерлер іс жүзінде тіпті игерілмеген. Яғни субсидияны пайдаланып алған тұқым, тыңайтқыш, пестицидтар көрсетілген егіс алқабына қолданылмаған. Мұның бәрі әрине агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық көрсеткіштерден көрініс табады. Бөлінген қаржы көп, бірақ құмға сіңген су сияқты. Сондықтан бірден айтайын, процесті ретке келтіру қажет және министрлік қай жерде, кімге, қандай мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын анық біліп отыруы керек, – деп қосты. 

Бұған қоса, оның айтуынша электронды шот-фактураларды бұғаттау жүйесі іске қосылған. 

«Қаржы министрлігімен бірлесіп, электронды шот-фактураларды бұғаттау үшін енгізген жүйе біраз былықтың бетін ашты. Енді электрондық шот-фактурамен өтініш беру үшін оны сатушымен бұғаттау керек. Осылайша, субсидия алғаннан кейін кері қайтарып алу қаупі толығымен алынып тасталады. Егер бұрын шаруа бір ғана шот-фактурамен мемлекеттік қолдауға бірнеше рет өтініш бере алған болса, енді Gosagro жүйесінде ондай қулық жүрмейді. Qoldau жүйесінен осындай да фактілер анықталды», – деді Қарашөкеев. 

Бүгінде шаруалар тыңайтқышқа субсидия алуға өтініш бере алмай отырғандарына шағымданып жатыр. Министр бұл мәселе өңір әкімдіктерінің құзырындағы жұмыс деп отыр. 

Тыңайтқыштарды субсидиялаудың, пестицидтерге, биоагенттерге (энтомофагтарға) субсидия беру тізбесі мен нормалары жергілікті атқарушы органның, яғни жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіледі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл нормаларды тек 7 облыс қана бекітті. Атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе және Жетісу облыстары бойынша ғана өтінім түсіп жатыр, – деп жазды министр. 

Министр бүгінге дейін фермерлерден 12 095 өтінім берілгенін еске салды.  

«Иә, жүйе бұрынғыдай “бармақ басты, көз қысты” немесе әркім өзі қалағандай жұмыс істемейді, бұл қазір фермерлер мен АШБ мамандары үшін қиындықтар туғызып отыр. Құрметті достар, тағы да түсіндіргім келеді, субсидиялау жүйесінің ашықтығын арттырудың барлық жаңа тәсілдері Министр Қарашөкеевтің қателігі емес, АШМ-нің транспаренттілікті арттыру және адами факторды жою жөніндегі қағидаттық ұстанымы. ..Айтпақшы, бұл цифрларды кез келген адам портал арқылы онлайн режимде тексеріп көре алады. Тіпті, әсіресе көптеген ірі АШТӨ мұндай мәліметтердің ашық жарияланғанын қаламаса да. Қорыта айтқанда, біз Gosagro.kz жүйесінің барлық мәселесін шешу үшін конструктивті диалог жүргізуге әрқашан дайынбыз және ашықпыз», – деді Ербол Қарашөкеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама