Halyq Uni логотип
×

Бизнесті дамытуға қолдау жеткілікті ме

Қазақстанда 2 млн-нан астам шағын және орта бизнес бар

 Айнұр Шошаева 13.04.2023 | 11:59
Бизнесті дамытуға қолдау жеткілікті ме
Фото: Halyq Uni

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша елімізде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 068 393 бірлікті құрады. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 1 870 335.

Жыл сайын шағын және орта бизнестің белсенді субъектілері санының орта есеппен 9% өсуі байқалады. Соңғы он жылда олардың саны екі есеге өскен. Нақтырақ айтсақ, 809 750-ден 1 818 764-ке дейін өскен.

*Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайты

Елдегі шағын және орта бизнесті дамытудың тиімділігі оның ел экономикамсындағы жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көлемімен бағалануы керек.

Үкімет Президенттің қарауына енгізген «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы» ұлттық баяндамада кәсіпкерлікті дамытудың түйінді индикаторлары, «Атамекен» ҰКП қызметінің қорытындылары және бизнес проблемаларын шешу жөніндегі шаралар көрсетілген.

2021 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (ШОБ) үлесі 33,5%-ды құрады. Оның 26,8%-ы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі, делінген баяндамада.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 5200 жаңа кәсіпорын ашылған, ШОБ субъектілері үшін 47,7 мың құжат әзірленіп, дайындалған. 48,5 мың жобаға 119,6 млрд теңге көлемінде көмек көрсетіліп, 16,9 мың кәсіпкердің бизнесі кеңейтілген.

Бірақ негізгі өсім шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары есебінен екен. Олармен салыстырғанда, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары үлесі айтарлықтай төмен.

 

Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің өсу динамикасы

 

 

Шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары

Орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары

 

Жеке кәсіпкер

Шаруа немесе фермер қожалықтары

 

Барлығы

2012

62 888

8 388

573 618

164 856

809 750

2013

61 076

8 312

660 262

158 583

888 233

2014

74 829

4 559

694 759

152 697

926 844

2015

175 679

2 897

882 849

181 154

1 242 579

2016

189 637

2 711

736 121

177 884

1 106 353

2017

208 742

2 618

747 107

187 527

1 145 994

2018

231 325

2 620

809 115

198 268

1 241 328

2019

258 365

2 502

855 920

213 457

1 330 244

2020

280 200

2 486

857 910

216 715

1 357 311

2021

299 737

2 754

907 722

221 434

1 431 647

01.10.

2022

325 845

2 700

1 135 306

230 567

1 694 418

*Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайты

 

Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің өсу динамикасы (%)

 

 

2012

2013

2014

2015

2016

2017

2018

2019

2020

2021

01.10.2022

 

Шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары

 

7,8%

 

 

6,9%

 

8,1%

 

14,1%

 

17,1%

 

18,2%

 

18,6%

 

19,4%

 

20,6%

 

20,9%

 

19,2%

 

Орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары

 

1,0%

 

0,9%

 

0,5%

 

0,2%

 

0,2%

 

0,2%

 

0,2%

 

0,2%

 

0,2%

 

0,2%

 

0,2%

 

Жеке кәсіпкер

70,8%

74,3%

75,0%

71,0%

66,5%

65,2%

65,2%

64,3%

63,2%

63,4%

67,0%

 

Шаруа немесе фермер қожалықтары

 

20,4%

 

17,9%

 

16,5%

 

14,6%

 

16,1%

 

16,4%

 

16,0%

 

16,0%

 

16,0%

 

15,5%

 

13.6%

 

*Дереккөз: Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайты

Жақында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов осының себептерін айтты.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау негізінен шағын бизнеске көрсетіледі де, нәтижесінде орта бизнеске көңіл бөлінбей қалады немесе мардымсыз көмек көрсетіледі. Мәселен, тексеруге мораторий тек шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қолданылады. Табыс салығынан босату да осы санатқа қатысты болды.

Үкімет қажетті шараларды қабылдамаса, онда орта бизнес саны бұл көрсеткіштен де төмендеп кетуі ықтимал. Мемлекеттік қолдауды тең бөлу үшін алдымен бизнестің өсу әлеуетін, ішкі және сыртқы сұранысты ескере отырып, салалық басымдықтарды анықтау қажет: АӨК, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, металл өңдеу, машина жасау. Бұл салалық басымдықтар барлық мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылық қолдау шараларын іске асыру кезінде бекітілуі тиіс, – дейді Рустам Жүрсінов.

Ал қазіргі жағдайда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен ынталандыру тетіктері, керісінше, орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Себебі кәсіпкерлер бизнесін кеңейтуге асықпайды, салықтық және басқа да әкімшілік жүктемелер көтерілмеуі үшін шағын санатта қалуға тырысады.

Шағын бизнес ірі бизнеске қарағанда нарыққа тез бейімді, өзгермелі жағдайларға байланысты икемді, үнемі дамып отыратын өндіріс секторларында жұмыс істеуге қаблетті. Бірақ, негізінен, ішкі нарыққа бағытталған, оның экспорттық қызметінің қарқындылығы төмен. Шағын және орта бизнесте тек 6% тікелей және 4% жанама экспорттаушылар бар.

Қазақстандағы кәсіпкерліктің жаһандық мониторингінің деректері бойынша көптеген адам кәсіпкерлікпен мәжбүр болғандықтан айналысады екен, өйткені олар дұрыс жұмыс таба алмайды. Мұндай кәсіпкерлердің үлесі 2017 жылғы 17,8%-дан 2020 жылы 40%-ға дейін өскен.

Бұл алаңдатарлық үрдіс. Қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың үлесі бойынша Қазақстан дамыған елдерден кемінде үш-бес есе артта қалып отыр. Ал инвестициялық немесе инновациялық қызметті жүргізбейтін пассивті фирмалардың үлесі жоғары (55%). Шағын және орта фирмалардың орташа жасы сәйкесінше 11,2 және 15,3 жылды құрайды. Бұл көрсеткіш басқа посткеңестік елдерге қарағанда бір жарым есе төмен, – дейді Рустам Жүрсінов.

Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты шағын және орта бизнес пен ауылды дамытуға бағытталған. Ішкі нарықты отандық тауарлар мен қызметтермен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бизнесті дамытуға «Бәйтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Даму» қоры белсенді қатысуда.

Аталған қор 2022 жылы Қазақстан бойынша 50,5 мыңнан астам кәсіпкер жобасын қолдады. Несиелердің жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеден асты. Осы соманың 63,3%-ы инвестиция. Яғни, қаражаттың жартысынан көбі жаңа жобаларды дамытуға және Қазақстанда жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға бағытталған.

Яғни, шағын және орта бизнестің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тұрғыдан қолдау жан-жақты көрсетіліп жатыр. Бірақ әлі де жеткілікті емес. Әсіресе экспорттаушылардың халықаралық нарыққа шығуы үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуға назар аудару керек, оған көлік жолдары да, түрлі цифрлық шешімдер де кіреді.

Алайда, мемлекеттік қолдау бизнесті дамытуға әсер ететін жалғыз фактор емес екенін ескеру қажет. Менеджмент сапасы, инновация, қызметкерлердің біліктілігі, бәсекелестік және елдегі және одан тыс жерлердегі экономикалық жағдай сияқты басқа факторлар да маңызды. Осылайша, мемлекеттік қолдау Қазақстанда бизнестің дамуына оң әсер етуі мүмкін болса да, бұл шаралардың тиімділігі басқа факторлармен ұштастыруға және практикада іске асыруға байланысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама