Дамыған елдерде бізден 200 есе артық
Агроном-ғалым Төлеутай Рахымбековтың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 8 трлн теңге. Соның ішінде қызмет көрсету саласының үлесі 12-ақ млрд теңге. Пайызға шақсаңыз 0,15%. Ал дамыған мемлекеттерде, тіпті орташа мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, қызмет көрсету саласының үлесі кем дегенде 30-35% болу керек екенін айтады. Демек, қазіргі қызмет көрсетіп отырған саланы 200 есе арттыру керек. Сарапшы бұл туралы Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, қызмет көрсету саласының 5 функциясы бар.
Біріншісі, өндірілген өнімді өткізу, көмектесу. Мысалы, шаруадан алып, оны сақтау, сосын бастапқы өңдеу. Яғни, тазалау, жуу, салқындату.
Айталық, сүттің өзін сауылғаннан кейін тасымалдаудан бұрын ауылдан шығар алдында технология бойынша 4 градусқа дейін салқындатылуы керек. Өзім 7-8 жыл сүтпен айналысқан адаммын, білем оны. Етте де солай. Мал сойылғаннан кейін қалаға шығар алдында сондай жағдай жасалу керек. Жеміс пен көкөністе де осылай салқындату керек. Жуу, тазалау, сорттау, керек болса таразылап, жәшіктеріне салу, – дейді маман.
Екіншісі, өндірушілерге өндіріске керек тауарларды жеткізу. Жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, пестицид, техника, бөлшектер, т. б. Осының бәрін әкеліп беру керек. Өйткені, 5-6 гектары бар ұсақ шаруа бөлшек іздеп қалада сенделіп жүрсе, ауылдағы малын кім бағады?!
Үшіншісі, қызмет көрсету. Оған ветеранирария, өсімдікті қорғау, механикаландыру кіреді.
Төртіншісі, білім, ақпарат тарату. Биылғы тыңайтқыш келер жылдың ауа райына сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан, қай кезде суару керек, қай кезде жем-шөп береді, тыңайтқышты қашан салады, культивациясы қашан – осының бәрі бойынша білім тарату керек.
Ақпарат тарату да солай. Нарықта қандай баға? Келер жылға қандай болжам бар? Мысалы, қазіргі пияздың жағдайын алуға болады. Ол биыл ғана емес, бұрыннан бері қайталанып келе жатыр. 2003-2004 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істегенімде бір жылы пияз жоқ болып кетті. Сол жылы пияздың бағасы алмадан артық өсті. Келесі жылы бүкіл шаруа пиязға кірісіп кетіп, бағасы тиын болып қалды. Бұл сол ақпараттың жоқтығынан, – дейді ғалым.
Бесіншісі, мемлекеттік қолдау шараларын жеткізу. Ол шаруаның үйіне, қорасына, даласына дейін жеткізіп беру керек. Ал бізде керісінше. Шаруалар субсидия алу үшін аудан орталығын, облыс орталығын шарлап, құжаттарын жинап кетеді.