Бұл 24 ақпаннан бергі көрсеткіш
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бейрезиденттердің шоттар ашуына қатысты ақпарат берді.
2022 жылғы 24 ақпаннан бері Ресей әрі Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін еліміздің банктерінде 11 940 шот ашылған. Оның ішінде 10 725 шот өтініш берушінің немесе сенім білдірілген адамның Қазақстан банкінде жеке болуы арқылы, 1 215 шот қашықтан ашылыпты. Нәтижесінде, көрсетілген мемлекеттердің еліміздің банктерінде шоттары бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті, – дейді ведомство.
Ресей резидент – заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны жыл басынан бері аздап өскен. Биылғы ақпанның соңынан бері банк шоттары 7 Ресей компаниясына ашылған, қазақстандық банктерде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жетті.
«Қазір барлық шетелдік азамат пен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) әрі терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң (КЖТҚҚ) нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық банк пен Агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелген. Осылайша, Ұлттық банктің 2016 жылғы 31 тамыздағы №207 қағидаларының талаптарына сәйкес, шотты ашу офлайн режимде де, электрондық өтініш арқылы онлайн да жүргізілуі мүмкін», – делінген мәліметте.