Көрші елден жарты миллиард теңгенің тауары заңсыз әкелінген
Қаржылық мониторинг агенттігі ҚХР-мен байланысты экономикалық контрабанда жайлы ақпарат берді.
ҚМА-ның Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп, Қытайдан келетін халық тұтынатын тауарлардың аса ірі көлемдегі экономикалық контрабандасын анықтады. Қылмыстық кодекстің 234-бабы, 2-бөлігі, 1,4,5-тармақтарында көзделген экономикалық контрабанда фактісі бойынша «Group of the Companies TDA» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу тіркелді, – дейді ведомство.
Кәсіпорынның барлық операциялық жұмысын осы ЖШС директоры жүргізді. ҚХР-дан Еуразиялық кеден одағының кедендік аумағына заңсыз тасымалданған тауарлардың жалпы құны 585 617 144 теңгені құрады. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша бюджетке төленетін сома – 125 244 847 теңге.
«Биылғы 31 наурызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты ЖШС директорына қатысты 2 ай мерзімге қамау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – делінген мәліметте.