Halyq Uni логотип
×

16,5 млрд доллар өндіріп алмақ: Қазақстан үкіметі Қашаған операторын сотқа берді

Шағымдар Қашаған бойынша 2010-2018 жылдарды қамтиды

 Айнұр Шошаева 10.04.2023 | 13:40
16,5 млрд доллар өндіріп алмақ: Қазақстан үкіметі Қашаған операторын сотқа берді
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздегі ірі мұнай компанияларын сотқа берді. Қашаған мұнай операторының соты Женевада қаралады, деп хабарлайды Halyq Uni. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желіде жариялады

«Үкіметті көптеген шалыс қадамдары үшін сынап отырамыз. Бірақ дегенмен де, Үкіметтің мемлекеттің мүддесі тұрғысынан дұрыс қадамдарын атап өткен жөн тәрізді. Осыдан 2 жыл бұрын ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздіктің басындағы шетелдік корпорациялармен жасалған көптеген келісімшарттар бүгінгі күннің үрдісіне сәйкес келмейді» деп атап өткен болатын. Енді Қазақстан үкіметі, оның ішінде Экология министрлігі қазір Қашаған мұнай операторын Женевада сотқа беріп жатыр. Яғни 30 жылдың ішінде Қазақстанның мүддесіне 13 млрд теңгені өндіріп алмақшы», – деді ол.

Сондай-ақ депутат министрлік мұнай компанияларын еліміздің экологиялық заңнамаларын бұзғаны үшін де сотқа беретінін атап өтті. 

«Сонымен бірге Экология министрлігі Қазақстандағы сотқа сол Қашаған операторын еліміздің экологиялық нормаларын өрескел бұзғаны үшін 2,3 трлн немесе 5,1 млрд долларға сотқа беріп жатыр. Бұл үкіметтің біздің ұлттық мүддені қорғау саласындағы нақты жұмысқа кіріскенін көрсетеді. Әрине бұл бағытта жұмыс көп. Мысалы Арселлор Миталл бар. Сонымен бірге басқа да, біздің еліміздегі 30 жыл бұрын жасалған келісімшарттардың көбіне ревизия жасау керек тәрізді. Олардың барлығын қоғамға ашу керек. Сол кезде еліміздің, халқымыздың әлеуметтік деңгейін көтеруге жаңа ресурстар пайда болады», – деп қосты Саиров. 

Бұған дейін Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Қазақстандағы екі ірі мұнай кен орнын пайдаланатын компаниялар арбритражды сотта Қазақстан үкіметінен рұқсат етілмеген шығындар бойынша айыптауларға байланысты талап-арыз алғанын жазған болатын.

Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі жобалар бойынша серіктестері Қашаған бойынша 13 млрд АҚШ доллары және Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде шығыстарды шегермеуі тиіс деп мәлімдейді. Егер мемлекеттің талабы орындалса, ол өнімді бөлу туралы келісімдердің талаптарына сәйкес кен орындарынан түсетін табыстың үлкен үлесін ала алады. Сондай-ақ басылым наурыз айында Үкімет Женева мен Стокгольмдегі Қашаған мен Қарашығанақ істерін қарау үшін арбиторларды тағайындағанын жазды.

Айта кетейік, шағымдар Қашаған бойынша 2010 жылдан 2018 жылға дейінгі және Қарашығанақ бойынша 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Істерде компаниялардың екі жобада да тендерлік рәсімдерді бұзғаны, сондай-ақ Қашағандағы мердігерлердің жұмысын толық көлемде орындамағаны туралы айыптаулар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама