Жанармайдың қазіргі әділ бағасы 300 теңге – сарапшы
Жанармай саласы Екібастұздағы апаттың кебін киюі мүмкін
Қазақстанда жанармай бағасы әлі де қымбаттауы мүмкін. Еуразиялық Эконмоикалық Одақ аясында 2025 жылға дейін ортақ энергетикалық нарық құрылуы жоспарланған. Егер ортақ нарық құрылатын болса, жанармай бағасы Ресейдегі бағамен теңестірілмек. Ал қазір онда баға 345 теңгенің айналасында. Яғни, таяуда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасының 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін қымбаттауы қымбатшылықтың басы ғана болуы мүмкін.
Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, қазір Қазақстандағы АИ-92 маркалы жанармай бағасының әділ нарықтық бағасы қазіргіден жоғары.
Бензинге қатысты біздегі проблемалардың барлығы диспропорциядан болып отыр. АИ-92 маркасының бір литрінің әділ бағасы – 300 теңге. Оған жетпейінше - бұл нарықта тапшылық, жанармайдың сыртқа кетуі, көлеңкелі бизнес проблемалары еш уақытта шешілмейтін болады, – дейді ол.
Сарапшы сонымен қатар, алдағы уақытта жанармай саласында Екібастұз ЖЭО-да болғандай апат болуы кәдік.
«Қазір білінбейтін, бірақ ертең алдымыздан шығатын проблема - мұнай өңдеу зауыттарындағы амортизация, және оларды жаңартуға инвестицияның жоқтығы. Сонда жанармай саласында Екібастұз ТЭЦ-індегідей апатты көретін боламыз. Себеп – қазір барлық біздегі НПЗ-лар 24 сағат режимде, толық қуатпен аузы-мұрны шаншылып жұмыс істеп жатыр. Бірақ, ішкі нарыққа бензин тек өзіндік құнымен сатылады. Яғни, оны сатудан құрылғыларды жаңартуға, модернизациялауға қажет қаржы түсіп жатқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, инвестицияға ақша жоқ. Сондықтан құрылғылары ескіріп, техногендік апаттар басталғанда - біздегі нарықта коллапс орын алатын болады. Біздің өміріміздің өзі «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» принципімен өтіп жатыр», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, егер бензинді 300 теңге қылсақ, онда жеңе алмай жатқан қымбатшылық одан бетер өршіп, ол әлеуметтік төлемдерді, адрестік көмекті ұлғайтуға, барлық шығындарды арттыруға алып келеді. Бюджет тапшылығы өседі.
Ал егер баға осы қалпында қала берсе, білдей бір жанармай саласының құрдымға кетеді. Мұнда компромис жоқ. Не бүк, не шік болуымыз керек. Жағдайдың қиындығы осында, – дейді Айбар Олжаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі 12 сәуірден бастап жанармай бағасының қымбаттайтынын хабарлаған еді.