Бензин мен дизельдің қымбаттауы азық-түлік бағасына қалай әсер етеді
Қант пен күнбағыс майы шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін
Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты азық-түлік бағасы да қымбаттауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Вице-премьер жанар-жағармай бағасының қымбаттауы басқа тауарларға қалай әсер ететіне тоқталды.
Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдердің бағасы тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері – 5%, ал күнбағыс майы 2,4% өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қазір тауар өндіруші ірі кәсіпорындар бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен, ал газдың бағасы әзір өспейді, - деді Серік Жұманғарин.
Министрдің пікірінше, бензин бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына айтарлықтай әсер етпейді.
«Биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол арзандатылған бағамен литрі 204 теңге болады. Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір Қазақстанда баға тұрақты. Осыған байланысты бағаның бірден өсуіне негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар», - деді вице-премьер.
Айта кетейік, Қазақстанда 12 сәуірден бастап бензин мен дизель отыны қымбаттайды. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін өседі - 11%. Дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін көтеріледі, өсім - 20%.