Премьер-министр бензиннің қымбаттауы инфляцияға әсер ететінін айтты
Қазақстанда қызметтер мен тауарлар қымбаттауы мүмкін
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елімізде жанар-жағармайдың қымбаттауы инфляцияға тікелей әсер ететінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Шын мәнінде жанар-жағармай бағасының өсуі инфляциялық процестерге белгілі бір деңгейде әсер етеді. Мәселен, оның тікелей ықпалын ескерсек, жан басына шаққанда орташа есеппен тұтыну себетіндегі дизель отынының үлесі 0,4%, АИ-92 бензині шамамен 2%.
Инфляцияның жалпы деңгейіне тікелей әсер ету шамамен 0,35% болады. Бұл тікелей әсер етенінін көрсетеді», - деді премьер-министр.
Премьердің айутынша, жанар-жағармай отандық өндірушілердің шығындарының құрылымына кіреді.
«Алайда бұл жағдайдың жанама әсері, яғни белгілі бір мультипликативті әсері де болады. Мемлекет басшысы бізге жыл соңына қарай инфляция деңгейін 2 есе төмендету міндетін қойып отыр. Сондықтан Үкімет инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі және жедел шаралар қабылдап жатыр», - деді Әлихан Смайылов.
Биыл наурыздың қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция қарқыны айтарлықтай баяулаған.
Егер ақпанда жылдық инфляция 21,3% болса, наурызда біз оның 18,1% болғанын көрдік. Бұл процесс одан әрі жалғасатын болады. Инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған шаралар кешенін белсенді түрде іске асырамыз, - деп сөзін түйіндеді премьер-министр.
Айта кетейік, Қазақстанда 12 сәуірден бастап бензин мен дизель отыны қымбаттайды.