×

Тоқаев шетелден активтерді қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты

Резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша капиталдың шетелге жылыстатылуына талдау жасалып жатыр

 Халық үні 06.04.2022 | 15:59
коллаж: Halyq Uni

Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Мемлекет басшысына Қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы туралы баяндалды.

Сонымен қатар президентке шетелден активтерді қайтару ісі бойынша қабылданып жатқан шаралар жайлы мәлімет берілді. Резонанс тудырған қылмыстық істер бойынша фигуранттардың қылмыстық жолмен жинаған капиталының шығып кетуін анықтау мақсатында олардың шетелге жылыстатылуына талдау жасалып жатыр, – дейді Ақорда.

Берік Асылов Тоқаевқа жуырдағы Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларының жүзеге асырылуы жөнінде айтты. Атап айтқанда, бас прокурордың Конституциялық сотқа жүгіну құқығы туралы Конституцияның 83-бабына енгізілетін түзетулер дайындалып жатыр. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заң әзірлене бастады. Салалық заңның басты басымдығы – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Заң жобасына Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғаушылармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау, прокурорлар дербестігі әрі жауапкершілігін арттыру тетігі туралы ережелерді енгізу жоспарланып отыр.

«Бұдан бөлек мемлекет басшысына азаптауларды тергеп-тексеру бойынша прокурорларға өкілеттік беруге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты тапсырмалардың орындалуы жайында айтылды», – делінген ақпаратта.

Президент қадағалау органының халықпен өзара ықпалдастығын жандандырудың маңызын атап, бас прокурорға бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама