Қаражаттың бір бөлігі бюджеттен аударылып келеді
2006 жылдан бері ЖЭО-1, ЖЭО-2 жаңғырту жұмыстарына соңғы бес жылда 22,4 млрд теңге жұмсалған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Энергетика министрлігінің редакцияға берген жауабында «Астана-Энергия» АҚ-ның 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы – 4,65 млрд теңге, жөндеу бағдарламасы – 3,32 млрд теңге болатындығы айтылған.
«Сонымен қатар, ЖЭО-2-ны жаңартуға жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. 2022 жылы ЖЭО-1-дің 10 қазандығын көмір, мазут және табиғи газды бірге жағуға көшіру жұмыстары аяқталды. Осы жобаны іске асыру үшін 6,4 млрд теңге бөлінді. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, түтін құбырларының техникалық жағдайы талаптарға сай келеді, нысындар жаңартылған», – деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.
Ал сарапшылар нысандарды жөндеу және күтіп ұстауға қажет қаржының жергілікті бюджет, яғни салық төлеушілердің есебінен аударылып отырғандығын айтады.
«Өкінішке қарай, бүгінге дейін «Астана Энергия» АҚ балансына инвестициялық активтер қабылданған жоқ. Осы жылдар ішінде жергілікті және республикалық бюджеттен 240 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Активтердің кей бөлігі сапасының тозуына байланысты ауыстырылды. Бір сөзбен айтқанда, «Астана Энергия» АҚ инвестициялық бағдарламасының сапасы сын көтермейді. Сонымен қатар нысандарды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан 10 жылдан астам уақыт бойы жөндеу және ұстауға қажет қаржы жергілікті бюджет, яғни салық төлеушілердің есебінен аударылып келеді. Осылайша, шет елді мекендердің мәселесін шешуге болатын қаражат бюджеттен есебінен тиімсіз жұмсалып отыр деуге болады», – дейді сарапшы Жанат Нұрғалиев.
Мұндай пікірге Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков Halyq Uni тілшісіне сұқбат бергенде де тоқталған болатын.
«Біріншісі: кей ауданда тұрғындарға су жетпей жатыр. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй қосылып жатыр, одан басқа да ғимараттар бар. Астанада жылу да жеткіліксіз. ЖЭО-3 салынып жатқанына он жыл болды. Әлі бітпеді. Қаладағы жер үйлер көмір жағып отыр», – дейді Астананың бас жоспары авторларының бірі болған сәулетші.
Айта кетелік, 2023 жылғы 1 қаңтарда аталған нысандарда жабдықтар 35,1% пайыз тозған (1-ЖЭО – 33,1%, 2-ЖЭО – 48,8%, су жылыту қазандығы – 23,6%).