×

Үкіметте Қытаймен шекарада жүктердің өтуіне қатысты мәселе талқыланды

«Өткізу пунктерінде кептеліс бар ма?» деген сұраққа жауап берілді

 Қымбат Елтайқызы 06.04.2022 | 14:30
фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда премьер-министр төрағалығымен дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар Қытаймен шекарада жүктердің әрі-бері өтуіне қатысты мәселені талқылады.

Қазір Қазақстан-Қытай шекарасында бес автомобиль және екі теміржол өткізу пункті, сондай-ақ «Қорғас» ШЫХО» АҚ кеден бекетінің жүк терминалы жұмыс істейді. Автомобиль көлігі бойынша, биылғы үш айда өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көліктер саны 123%-ға (6,3-тен 14,0 мың КҚ-ға дейін) өскен, – дейді үкімет.

Сонымен қатар кедендік құн индексі (КҚИ) мен кедендік төлемдер индексі (КТИ) бойынша оң динамика бар: КҚИ көрсеткіші 75%-ға өсті (ҚХР-дан импортталатын тауарлар бойынша 1 кг үшін 4 доллардан 7 долларға дейін), КТИ көрсеткіші екі есе – 264 теңгеден 561 тг/кг дейін өсті.

«Нұр жолы» шекарадағы өткізу пунктіне келер болсақ, тауар тасымалдауды ұйымдастырушы ретінде жұмысын бастаған «KTZ Express» АҚ арқасында оның өткізу қабілеті күніне 10-нан 47 АКҚ-ға дейін артты. Бұл орайда бір тасымал құны $4500-ден $2050 дейін төмендеді. Қолма-қол ақшалай өзара есеп айырысу алынып тасталды. Бұл қаражатты көлеңкелі айналымнан шығаруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар электрондық кезек бойынша пилот іске қосылды. «Қорғас» ШЫХО-да жыл басынан бері арнайы кран арқылы 61 КҚ ауыстырып тиелді. Бұл ретте тариф екі есе төмендеді. Отырыс барысында өткізу пунктерінде кептеліс жоқ әрі жағдай тұрақты екені атап көрсетілді», – делінген ақпаратта.

Әлихан Смайылов статистикалық сәйкессіздіктерді болдырмау үшін тиісті ведомстволарға импорт және экспортқа қатысты деректерді өзектендіруді, сондай-ақ өткізу пунктерінде МКК, ҰҚК ШҚ, ҚТЖ-Экспресс ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселе талқыланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама