«17 мың тұрғын үйге күрделі жөндеу қажет»: Қазақстанда тұрғын үй туралы заңға өзгеріс енгізілді

Айнұр Шошаева

15 наурызда Президент Тоқаев тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңға қол қойды

Коллаж: Halyq Uni

Екі айдан соң Қазақстанда тұрғын үй қатынастарын реттейтін жаңа заң күшіне енеді. Жаңа заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару механизмдерін жақсартуды көздейді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

15 наурызда Президент Тоқаев тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңға қол қойды, жаңа құжат екі айдан соң күшіне енеді. 

«Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарушы директоры Марғұлан Әбдікәрімовтың айтуынша, заңның негізгі бағыты тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы қолданыстағы заңнамасын жетілдіру. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару механизмдерерін жақсартып, тұрғын үй қатынастарының кейбір субъектілерін кейбір функцияларын нақтылауды көздейді. Бұған қоса кондоминиум нысандарын басқару және күтіп ұстау қызметте ашықтықты қамтамасыз етеді. 

«Заңның концептуалды түзетулері туралы айтатын болсақ, кондоминиум нысанын басқару, жеке нысандарын құру, яғни тікелей бірлесіп басқаруға қатысты. Егер пәтер иелері немесе тұрғын емес үй жайлардың иелерінің құрамы 16-дан аспаса, онда бұл азаматтардың кондоминиум нысанын басқарудың жеке нысанын құру мүмкіндігі бар. Бұл тікелей бірлесіп басқаруды білдіреді», - деді ол. 
Сондай-ақ аталған тәжірибе 2019 жылға дейін қолданыста болғанын, алайда 2020 жылы қолданыстан алынып тасталғанын атап өтті. 

ЕЛІМІЗДЕ 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗ ПӘТЕРЛІ ҮЙ БАР

«Екі жылдың ішінде өңірлерде кездесулер өткізіп, талдау жүргіздік. Қазақстанда 10 мыңға жуық аз пәтерлі (16 пәтерге дейінгі) үйлер бар. Бұл екі қабатты, екі кіреберісі бар үйлер көне үйлер. Ондай үйлерде заңды тұлға ретінде мүлік иелерінің бірлестірі (МИБ)   немесе жәй серіктестік (ЖС) құру қажеттілігі жоқ. Аз пәтерлі үйлердің тұрғындары өздері шешім қабылдап, тікелей бірлесіп басқару мүмкіндігі бар.  Немесе жиналыс өткізіп серіктестік немесе заңды тұлға ретінде МИБ құра алады. Шешімді тұрғындар өздері қабылдайды. Аз пәтерлі үйлерде  МИБ немесе ЖС тағайындап, оған қаржы төлеудің қажеті болмайды. Үйдің табысы аз болғандықтан, бұл үйлер тікелей бірлесіп басқара алады. Коммуналдық төлемдерді болсын-болмасын пәтер иесі өзі төлейді. Ортақ мүлікті күтіп-ұстауға немесе күрделі жөндеуге қажеттілік туындаған жағдайда олар бірлесіп, нысаналы төлем ретінде ақша жинап, тиісті жұмысты істете алады», – деп қосты Марғұлан Әбдікәрімов. 

Заңға енгізілген келесі өзгеріс көппәтерлі тұрғын үйлерге уақытша басқарушы компанияны тартуды көздейді. 

Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары МИБ пен ЖС құру туралы келісіп, ортақ шешімге келе алмай жататын кездер болады. Жаңа басқару форматына көшудің уақыты өтіп жатыр. Мұндай жағдайда тұрғын үй инспекциясының көмегімен уақытша басқару компаниясын тартуға мүмкіндік бар. Ол компания бір жыл мерзімге дейін жұмыс істеу мүмкіндігі болады. Егер түрғындар ол келгеннен кейін бір айдан соң МИБ немес ЖС құрамыз деп жатса, уақытша басқару компаниясынан бас тарта алады. Ол тұрғындардың ауызбіршілігіне байланысты: жиналыс өткізіп, бір шешімге келе алса болды, - дейді ол. 

Сонымен бірге заңда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелерін жетілдіру мәселесі қарастырылған. 

«Жиналыс өткізгенде қаржы мәселесі мен қаржыға қатысты емес (ұйымдастырушылық) мәселе бар. Бұрынғы заңда ұйымдастыру мәселесін тұрғындардың 2/3 жиналып, шешім қабылдауы керек еді. Мысалы, 100 пәтерлік үй болса, қаржылық сұрақтарды шешу үшін жиналысқа 60-70-тен астам тұрғын қатысып, оның бәрі «келісемін» деп дауыс беруге тиіс еді. Практика оның шешім қабылдау үшін қиын екенін көрсетті. 60-70 түгелі, кейде 51 пайызды жинай алмай жатады. Жаңа заңда кворумның деңгейі төмендетілді. Енді қаржы мәселесіне қатысты шешім қабылдау үшін көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарының 51 пайызы жиналысқа келуі және оның 51 пайызы «келісемін» деген шешім қабылдауға тиіс. Тек тиісті хаттама толтырылуы керек», - деп жалғастырды сөзін. 

«КОНДОМИНИМУМ НЫСАНДАРЫН ТІРКЕУ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ» 

Бұдан бөлек, құжатқа кондоминиум нысандарын тіркеуге қатысты бірқатар өзгерістер енізілген. Соның бірі ортақ мүлікті заңдастыру процедурасы жеңілдетілді әрі биылдан бастап қазақстандықтар үшін тегін болады. 
«Кондоминиум нысандарын ХҚКО-да тіркейді. Әрбір пәтердің ортақ мүліктегі үлесі болады. Сол үлесі, жер телімі есептеліп, ортақ мүліктің тізімі жасалады. Егер кондоминиум тіркелмесе, онда тұрып жатқан азаматтар қай жердің кімдікі екенін білмейді. Сондықтан кондоминуимды тіркеу процессі жеңілдетілген. 2020 жылға дейін тұрғындардың 100 пайызы өтініш жазып, келісім беруі керек еді. Қазіргі күні екі тұрғын өтініш бере алады. Сондай-ақ бұрын тіркеу үшін тұрғындар қаржы төлейтін, қазіргі күні ол жергілікті бюджеттен шығатын шығын болады. Бір сөзбен айтқанда кондоминиумды тіркеу үшін тұрғындар ақша төлемейді», – деп толықтырды сөзін. 

Қазақстанда 2016 жылдан автотұрақ орны мен қойманы тіркеу енгізілген болатын. Бұл заңда тұрақ пен сақтау орындарының меншік иелерінің құқығы мен міндеттері бекітілген. 

Көппәтерлі тұрғын үйдің астындағы тұрақ (паркинг) болса, ол ортақ мүлікке жатады. Біреуге сатылып кетпейді. Алайда паркингтегі тұрақ орны жекеменшікке сатылуы мүмкін. Шаршы метрі есептеліп, құжат рәсімделеді. Паркингтегі қоймалар да солай. Бұл заңда тұрақ пен қоймалардың иелері тек сол паркингтегі шаруаны шешуге ғана араласа алатыны жазылған. Мысалы, паркингтің тазалығы, еденін жуу, кіреберісі мен ашылмалы қақпаларын жөндеуге ғана шешім қабылдауға қатысады. Тұрғын үйдің басқа мәселелері бойынша мәселен, тариф, күрделі жөндеу бойынша ортақ жиналысқа қатысуға мүмкіндігі жоқ, – дейді ол. 

Сонымен бірге заңның тағы бір жаңашылдығы – тұрғындардың тұрғын үйді күрделі жөндеу бағдарламаларына қатысуына қатысты болып отыр. Бүгінде тұрғын үйде күрделі жөндеу қажеттілігі туындаса және үйдің шотында оған қажетті қаражат болмаса, тұрғындардың бюджеттік жөндеу бағдарламасына қатысуға құқығы бар. Жаңа заңға сәйкес, тұрғындар бюджеттік бағдарлама аясында жөндете алады. Мысалы, бір подъездің лифтісін күрделі жөндеу керек болса, сол кіреберістің тұрғындары ғана жиналыс өткізіп, шешім қабылдау мүмкіндігі көзделген.  20 подъездік үй болса, қалған 19 подъедінде жиналыс өткізудің қажеті жоқ. 

«АЛМАТЫ МЕН АСТАНАДА МИД-КЕ ӨТКЕН ҮЙЛЕР БАР»

Орталық басшысының мәліметінше, бүгінде республика бойынша 54 мыңдай көппәтерлі тұрғын үй бар. Қазіргі таңда 17 мың көппәтерлі үй күрделі жөндеуді қажет етеді. 

2011 жылдан бастап республикалық бағдарлама бойынша 3550 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті. Бұған 33 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді. Өткен үш жылда әрбір жылға 8-9 млрд теңгеден бөлініп отыр. Әрине 17 мың үйді жөндеуге жеткіліксіз. Күрделі жөндеудің мехназимін реттейтін жергілікті атқарушы органдар. Қай үйдің жөнделетіні туралы тізімі болады. Бюджеттік ақша болғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуы керек. Ол болмаса жоба өтпей қалады, – деді спикер. 

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда 1 тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы ПИК-тер жойылып, оның орнын мүлік иелерінің бірлестіктері ( әрі қарай - ОСИ) және қарапайым серіктестіктер алмастырады деп жоспарланған болатын. Алайда еліміздегі тұрғын үйлер бұл мерзімде жаңа басқару формасына көшіп үлгермеді. Сондықтан  тұрғын үйлерді ПИК-тен МИБ-не көшіру мерзімі 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды. 

Марғұлан Әбдікәрімовтың сөзінше, елімізде әлі де МИБ немесе ЖС-ке көшпеген үйлер бар. 

«Көппәтерлі тұрғын үйдің 5581-і МИБ-ті таңдады, олар заңды тұлғалар ретінде тіркелді. 39 844-і жәй серіктестіктер. 1289 көппәтерлі тұрғын үй әлі тіркеуден өткен жоқ. Ол негізінен Астана мен Алматы қалаларындағы үйлер. Еліміздегі ең көп тұрғын үй қоры Алматыда. Онда 8 мыңға жуық көппәтерлі үй бар. Ал елордада 3020 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 227-сі әлі жаңа басқару формасына өткен жоқ», - деді орталық басшысы. 
1 шілдеге дейін Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару  МИБ немесе ПТ өтпесе, онда жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй инспекциясы арқылы уақытша басқарушы компанияны таратынын еске салды. Басқарушы компания сол үйге минималды тарифқа сәйке,с қызмет көрсететін болады. Ал аталған тарифті әрбір қала, елді мекеннің мәслихаты бекітеді.