Halyq Uni логотип
×

28 дәмхана мен 25 дәретхана: Биыл қалааралық жол бойына бірнеше нысан салынады

Биыл Атырау-Орал, Жезқазған-Қарағанды және Ақтөбе-Ұлғайсын жолдарының құрылысы басталады

 Айнұр Шошаева 29.03.2023 | 15:42
28 дәмхана мен 25 дәретхана: Биыл қалааралық жол бойына бірнеше нысан салынады
Коллаж: Halyq Uni

Биыл Қазақстанның жол инфрақұрылымында үш жаңа жоба басталады. Аталған жобалар қазір жобалау сатысында тұр, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Еліміздің жолдары республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдар болып бөлінеді. Бүгінде Қазақстанда 96 мың шақырым жол бар, оның 25 мыңы республикалық, қалғаны жергілікті және аудандық жолдар. Республикалық жолдарды салу, күтіп ұстауға ұлттық оператор «Қазавтожол» ҰК, ал жергілікті жолдарға облыстық әкімдіктер жауапты. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, былтыр елімізде 11,6 мың км жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның 4 мың км құрылыс жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Бұл жолдардың 1,2 мың км негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұған қоса, 3 мың км жолда күрделі және орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен бірге 4,6 мың км жергілікті автожолға жөндеу жүргізілді. Қазіргі күні оның 3 мың км пайдалануға берілді. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға, жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін ұлғайтылды. Биыл бұл көрсеткіш республикалық жолдарда 92%, ал қалған жолдан 87% дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2023 жылы республикада 11 мың км астам жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 4 мың км өңірлерлік әкімдіктерге қарасты облыс, қала және ауылдық жолдар, – деп мәлімдеді министрлік. 

Айта кетейік, биыл жергілікті маңызы бар жолдарды салу, реконструкциялау және жөндеуге 353 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 154,5 млрд теңге республикалық бюджеттен, 147,6 млрд теңге жалпы сипаттағы трансферттер, ал қалған 51 млрд теңге жергілікті бюдеттен бөлінетін болады. 

Қазіргі күні «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы» жолының құрылысы жүріп жатыр. Осы күні «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Құрты-Қапшағай» учаскелерінде қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр, аталған учаске 2023 жылы аяқталады. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан, Алматы және Абай обоыстарын қамтитын ұзындығы 768 км «Талдықорған-Өскемен» жобасының 649 км қозғалыс ашылды. Қалған 119 км жолдағы жұмыс 2024 жылы аяқталады, – делінген министрліктің хабарламасында. 

Сонымен бірге «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолының 440 км «Қандыағаш-Мақат-Атырау» учаскесі биыл аяқтау көзделген. Қайта жаңарту жүргізіліп жатқан «Ақтөбе-Қандыағаш», «Атырау-Астрахань» автожолдарындағы қозғалыс жыл соңында ашылады деп күтіліп отыр. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл жол инфрақұрылымы саласында үш жаңа жоба басталатынын хабарлады. Олар «Атырау-Орал» (521 км), «Жезқазған-Қарағанды» (513 км) және «Ақтөбе-Ұлғайсын» (252 км) автожолдары, алайда әзірге олар тек жобалау сатысында тұр. 

Автожолдармен бірге биыл Қазақстанда жол бойындағы қызмет көрсететін жаңа нысандар салынады. Бүгінде елімізде республикалық және өңірлік маңызы бар жолдардың бойынга 1600 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. 

Биыл жаңа 78 нысан іске қосылады, оның 25-і жанар-жағармай құю бекеті мен 28 тамақтану орны болмақ. Сонымен бірге 25 дәретхана пайдалануға беріледі. Ведомство жол бойындағы санитарлық-гигиеналық торапты салуға инвестор тарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Ол үшін сервистік нысандарды салу үшін жер телімін беру рәсімін оңтайлату көзделіп отыр. Қолданыстағы тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізу пысықталып жатыр. Бүгінде мемлекет тек жол бойындағы нысан құнының 10%-ын өтейді және дәретханаларды ұстап тұру үшін 83 мың теңге төлейтінін айта кету керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама