36 млн теңге салық төлемеген: Қапшағайда заңсыз ойын бизнесі анықталды
Табысын жасырғандар жазаланды
Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті биылғы наурыздан бастап көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасауға және заңсыз ойын бизнесі қызметінің жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде Қапшағай қаласы аумағындағы казинолардың бірінде ресми тіркелген объектілерден басқа, 50 жасырын жұмыс істейтін ойын автоматы анықталды. Бұл ойын автоматтары мемлекеттік кірістер органдарында тіркеусіз 4 ай бойы жұмыс істеген. Аталған кезеңде 50 ойын автоматы бойынша төленбеген салық сомасы 36,3 млн теңгені құрайды, – дейді мемлекеттік кірістер комитеті.
Казиноға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 275-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Оны қарау қорытындысы бойынша жасырылған салық көлемінің 200% мөлшерінде айыппұл салынды. Айыппұл 72,6 млн теңгені құрады.
Қазір барлық ойын автоматы тіркеу есебіне қойылған әрі барлық тіркелген салық салу объектісі бойынша осы казино қызметінен бюджетке ай сайын 182,5 млн теңге түседі.