Отандық өндірушілер сүт және май өнімдеріне қатысты кедергілерді атады
Кәсіпкерлер өнімін дүкен сөрелеріне қою қиындап кеткенін айтты
Соңғы жылдары елімізде сүт және май өнімдерінің импорты артып келеді. Көрші мемлекеттердегі геосаяси жағдайдың салдарынан шикізат қымбаттап, өңдеу бағасы 30% артқан. Отандық өндірушілер өнімін дүкен сөрелеріне қою қиындап кеткенін айтады.
Қазақстанның сүт және май-тоңмай салалық одақтарының өкілдері бұл мәселені талқылады. Олар отандық өндірісті импорттан «қорғау», тұтынушыларды көбейту, сондай-ақ осы шараларды үкімет және Парламентпен заңнамалық деңгейде реттеуді сұрап отыр.
«Қазақстан сүт одағының» атқарушы директоры Владимир Кожевников қазір отандық сүт өндірушілер тек шикізаттың қымбаттауынан ғана емес, сондай-ақ шығарылған өнімді дүкен сөрелеріне жеткізуде мәселелер барын айтты.
«Қазір Украина мен Ресейдің арасындағы ахуалдан біздің саладағы жағдай да мәз емес. Шағын шаруашылықтағы сүттің өзіндік бағасы 65%, ірі шаруашылықтарда 20% дейін артты. Одан өңдеу құны 30% өсті. Салдарынан орта шаруалардың өндірісі 17%, шағын қожалықтарда 33% төмендеді... Бізге сауда желілеріне кіру қиын. Салыстырып қарайық. Белорусьте президент дүкендегі сөренің 80% отандық өнім болу керек деген жарлық бар. Ереже бұзылса, сауда желілері жауапкершілікке тартылады. Бізге де сондай жүйе керек», – деді Владимир Кожевников.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ербол Есенеев ішкі нарықтағы статистика нашарлағанын атап өтті. Оның айтуынша, азық-түлік импорты 4,9 миллиард долларды құрайды. Маман ішкі нарықты қазір қолдамаса, жағдай қиындап кететінін жеткізді. Сондай-ақ, ол әрбір қазақстандық дүкеннен алдымен отандық өнімді іздеу керегін айтты.
«Қазір біз азық-түлік нарығын басқа елдерге беріп отырмыз. 1,5 жылда азық-түлік импорты миллиардқа артты. Сондықтан қазір азық-түлік тапшылығының алдын алуымыз керек. Шенеуніктер өз өндірушімізге берген әр теңге тұрақтылық пен жұмыс орнын ашатынын түсінуі керек. Олар кем дегенде халықты тауармен қамтамасыз етіп отырады», – деді Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев.
«Қазақстанның май-тоңмай одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоров елімізде былтыр 2,5 мың кәсіпорын 2,2 трлн теңгенің өнімін шығарғанын мәлімдеді. Ал тұтыну көлемі 3,3 трлн теңгені құрайды. Оның айтуынша, бұған сауда желілері арқылы сату процесі кедергі келтіріп отыр. Олар отандық өнімді сату көлемін арттыруға мүмкіндік бермейді. Сол себепті сала мамандары мәселені шешу үшін бірқатар шара ұсынып отыр.
«Бүгін үш салалық қауымдастық (сүт, май, қант өндірушілер – авт.) ортақ ұстанымға келді. Отандық өндірушілерді қолдау және өнім көлемін арттыруға қатысты сараптама жасап, мына шараларды ұсынды. Атап айтқанда, жергілікті компаниялар үшін бөлшек саудада басым жағдайлар жасау, сауда желілерін тарту, отандық азық-түлікті насихаттауды қолдау, сондай-ақ сатып алушыларға тамақ өнімдерінің артықшылығын түсіндіру ұсынылды», – деді Константин Невзоров.
Кәсіпкерлердің ұсынысын Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов тыңдап, мәселелерді заңнамалық деңгейде реттеуді қарастыратынын атап өтті.