×

8 мың кен орны: Қазақстанның қазба байлығы қашанға дейін жетеді?

Қазақстанда 304 мұнай кен орны бар

 Айнұр Шошаева 28.03.2023 | 15:14
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның  ЖІӨ-нің 70%-ға жуығын және валюталық түсімдердің басым бөлігін минералдық шикізат кешені беріп отыр. Сондықтан бұл стратегиялық маңызға ие, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгінде Қазақстан энергетикалық шикізаттың, қара, түсті, асыл металдардың ірі экспорттаушысы. Атап айтқанда, Қазақстанға әлемде өндірілетін уранның 41 %-ы және хромның 16 %-ы тиесілі.

Биыл қаңтарда Үкімет геология саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Ондағы мәліметке сәйкес, елімізде көмірсутектер, уран, көмір мен қара металдардың қорлары анағұрлым қомақты. Ұтымды пайдаланылатын болса әлі де едәуір уақыт: 50–80-нен (көмірсутектер, хром, темір) 100 және одан да көп жылға дейін (уран, көмір, марганец) республиканың экономикалық және өнеркәсіптік дамуының негізі болуы мүмкін. Алайда экспорттың едәуір үлесін құрайтын түсті және асыл металдардың қорлары шектеулі және олар 12–15 жыл ішінде игеріліп болуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанның өнеркәсібі магний, тантал және ниобий шикізат ресурстарымен қамтамасыз етілмеген.

«Кендердің сапасы бойынша Қазақстан негізгі әлемдік өндірушілерден артта. Қазіргі уақытта сапасыз қорлардың үлесінің көп болуы барланған қорлардың тек 35 %-ының ғана пайдаланылуға тартылуының басты себебі болып табылады. Ал 10 пайдалы қазба (алмаз, қалайы, вольфрам, тантал, ниобий, никель, бор, магнезит, магнезия және калий тұздары) кен орындары осы уақытқа дейін мүлдем игерілмеген», – делінген тұжырымдамада. 

Соңғы жылдары елде геологиялық барлау жұмыстары жеткілікті көлемде жүргізілмеді. Соның салдарынан өтелетін қорлар толықтырылмады, олардың жалпы санының азайып, сапасы нашарлап келеді. 

Пайдалы қазбалардың көптеген басым түрлері бойынша өтелетін қорлардың көлемі олардың барлаудан түскен өсімінен едәуір асып түседі. Бірқатар салалар (темір, марганец, алтын, мырыш) бойынша өнеркәсіптік санаттар қорларының өсімі негізінен бұрын белгілі объектілерді қайта бағалау және жете зерттеу есебінен алынды. Теңгерімде есепке алынған соңғы жылдары барланған мыс және алтын кен орындары қорларының сапасы төмен деп сипатталады және өтелген қорларға балама бола алмайды. Бұл Кенді Алтай мен Орталық Қазақстанның негізгі кен орындарындағы мыс және полиметалл қорларының 10–15 жыл ішінде сарқылуына әкеледі, – делінген құжатта. 

304 МҰНАЙ КЕН ОРНЫ БАР

Еліміздегі мұнай кен орындары Батыс, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның бірқатар игерілген шөгінді бассейндеріне орайластырылған. Негізгі кен орындары Батыс Қазақстанда шоғырланған және Каспий маңы ойпатының, Оңтүстік Ембі және Солтүстік Бозашы шоғырларының, Солтүстік Үстірт иілім жүйесінің, Оңтүстік Маңғышлақ иілімі мен Каспий теңізінің қазақстандық секторының беткеймаңдық аймақтарында орналасқан.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік есепте 304 мұнай кен орны болды. Олардың ішінде көптеген кен орындары кешенді кен орындарына жатады. Кен орындарындағы ілеспе компоненттер ретінде мұнайда еріген газ, конденсат, этан, пропан, бутан, күкірт, гелий және ванадий қорлары ескеріледі. Ал Каспий маңы, Маңғышлақ-Үстірт, Шу-Сарысу және Оңтүстік Торғай шөгінді бассейндерінің өнеркәсіптік газдылығы айқындалды. Каспий маңы ойпатының Солтүстік беткейінің шегіндегі тұз астындағы шөгінділерде бос газдың ірі қорлары анықталды.

Жалпы Қазақстан аумағында бос газ және газ қалпақшасы бар 163 газ кен орны, сондай-ақ еріген газ қоры алынатын 239 кен орны ашылды. Көрсетілгендердің ішінде 284 кен орнында жанғыш газ бар. Олардың едәуір бөлігі Батыс Қазақстанда орналасқан.

Бүгінде ел аумағында құрамында битум бар жыныстардың 11 кен орны белгілі. Олар Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Айта кетейік, өнеркәсіптік игеруге тек 2 кен орны тартылған, олардың қорлары бүкіл Қазақстанның теңгерімдік қорларының 97,8%-ын құрайды.
      
ӘЛЕМДЕГІ УРАН ҚОРЫНЫҢ 18%-Ы ҚАЗАҚСТАНДА

Аталған тұжырымдамада көмірдің расталған қорлары бойынша Қазақстан әлемде көшбасшы орындардың бірін алатыны айталады. Алайда нақты қанша қор бары белгісіз. 

Елдің негізгі көмір өндіруші кәсіпорындары ұзақ перспективаға көмірдің өнеркәсіптік қорларымен қамтамасыз етілген. Қазақстанның көмір саласының басты проблемасы қорлардың әркелкі географиялық орналасуы, олардың оңтүстік, шығыс және батыс өңірлерде тапшылығы болып табылады, – делінген құжатта. 

Бүгінде еліміз әлемде уран қорлары бойынша екінші орында тұр. Сондай-ақ әлемдік қорлардың 18%-на ие, олардың басым бөлігі жерасты сілтісіздендіру әдісімен өңдеу үшін жарамды. Қазақстанда 56 уран кен орны анықталды, оның 6-ы теңгерімнен тыс қорлары бар кен орындары.

ҚАРА ЖӘНЕ ҚОСПАЛАУЫШ МЕТАЛДАРДЫ БАЙЫТУ КЕРЕК

Қазақстанда өндіру көлемін ұлғайту үшін жеткілікті қара металдардың айтарлықтай ресурстары бар. Алайда ол қорларды пайдалану үшін саладағы тұрақты дамыту және өнімді өткізу проблемалары шешілуі керек. Мәселен, елдегі темірдің шикізат базасының негізін Солтүстік Қазақстанның Торғай өңірінде шоғырланған скарн магнетит және қоңыр темір кен орындары құрайды. Бұл металды өндіруде өз шешімін күткен мәселе бар. Соның бірі Лисаков және Аят кен орындарының байытылуы қиын қоңыр темір кендерін байыту проблемасы.

Республикадағы марганецтің негізгі қоры Орталық Қазақстанның Атасу кенді ауданында шоғырланған. 

Олар тотықты және карбонатты-силикатты-тотықты кендерден тұрады, құрамындағы марганецтің төмен мөлшерімен (18–25 %) сипатталады. Қазақстанның марганец кені базасының әлемдік деңгеймен салыстырғанда ерекшелігі кендердегі марганецтің неғұрлым төмен құрамы болып табылады, бұл құрамында кемінде 45–50 % марганец бар әлемдік деңгейдегі концентраттарды алу мақсатында байыту технологиясын жетілдіру қажеттігін туғызады, – делінген тұжырымдамада. 

Ал хромиттердің негізгі кен орындары Батыс Қазақстандағы Кемпірсай ультранегізгі алабы шегіндегі салыстырмалы түрде шағын ауданда орналасқан. Олар кеннің жоғары сапасымен және 323 млн т. расталған қорлармен сипатталады (жер қойнауын пайдаланудағы 18 объектінің 11-і). 2010 жылы жерасты тәсілімен 3 кен орны пайдаланылды, олардан шамамен 4 млн т. шикі кен өндірілген.  

Қара металдардың минералдық-шикізат базасының негізгі кемшілігі ашық тәсілмен өңдеу үшін жарамды барланған қорлармен салыстырмалы түрде төмен қамтамасыз етілуі болып табылады. Бүгінгі күні темір және марганец кендері бойынша мұндай қорлармен қамтамасыз етілу деңгейі тиісінше 23 және 14 жылды құрайды, ашық тәсілмен өңдеу үшін хром кендерінің қорлары таусылды, – деп жазылған құжатта. 

Бұған қоса, елімізде вольфрам кендерінің сапасы өте төмен саналады. Сондай-ақ желдену қыртысының сазды минералдарында вольфрамды байытудың қазіргі заманғы технологияларының жоқтығынан кен орындары игерілмейді. Сонымен бірге байыту технологиясын күтіп отырған минералдық-шикізаттың бірі молибден. Бұл шикізаттың базасы кен орындарының екі геологиялық-өнеркәсіптік үлгісімен ұсынылған. Бірінші тип – кешенді штокверкті молибден-вольфрам, молибден-мыс-порфир және молибден-уран кен орындары, оларда құрамдарында молибден өте аз болады және байыту кезінде (сирек жағдайларды қоспағанда) өз концентратына алынбайды. Екінші тип – бұл молибден және вольфрам-молибден бар Көктенкөл және Шалқия кен орындары, олардың сапасы молибден өнімдерінің негізгі әлемдік продуценттері елдерінің кен орындарынан кем түспейді. Бұл ретте кендерді байыту үшін тиімді технологиялар қажет.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда ванадий тақтатас, сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай және ШҚО-да никель мен кобальттың айтарлықтай расталған қорлары бар. 

ТҮСТІ МЕТАЛДАРДЫҢ РЕЗЕРВТІК ҚОРЫ ЖОҚ

Еліміздегі мыс кен орындарының негізгі теңгерімдік қорлары Шығыс және Орталық Қазақстанда шоғырланған. 

Тау-кен өндіруші кәсіпорындардың пайдалануға дайындалған мыс қорымен қамтамасыз етілуі 10-12 жылды құрайды. Кенді Алтайда саланың шикізат базасы біртіндеп қысқаруда. Ескі тау-кен кәсіпорындарының қызметі саласында резервтік кен орындарының болмауы негізгі проблемалардың бірі болып табылады, – деп көрсетілген құжатта. 

Бірақ республикада Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда мыс рудасы өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын дамыту үшін барлық әлеуетті мүмкіндіктер барын еске салды. Айталық Батыс Қазақстанда мыс-мырыш өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Ал қорғасын-мырыш кендерінің игерілетін кен орындары негізінен Шығыс Қазақстан облысында орналасқан, онда олардың базасында тау-кен байыту кәсіпорындары мен металлургия зауыттары жұмыс істеп жатыр. Оларды игерудің жоғары тиімділігіне қорғасын, мырыш, мыс, алтын, платиноидтар мен сирек металдарды алу арқылы кендерді кешенді пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бұл кендерді бірқатар проблемалар бар. Мысалы, қорғасын-мырышқа қатысты айтсақ, жұмыс істеп тұрған тау-кен кәсіпорындарының қызметі саласында белсенді теңгерімдік қорлары бар резервтік кен орындары жоқ. Сонымен қатар барланған кен орындары аудандарында тау-кен байыту комбинаттарын салу қажеттілігі  туындап отыр. 

Байыту фабрикаларының жоқтығынан бүгінде Қазақстанның түрлі өңірлерінде бірқатар кен орындары игерілмей жатыр. Игерілетін кен орындарының қорларымен қамтамасыз етілуі 10–15 жылдан аспайды. Сонымен қатар пайдалы компоненттері жоғары қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындарын ашу перспективалары іс жүзінде республиканың барлық өңірлерінде бар, – деп көрсетілген тұжырымдамада. 

Тағы бір түсті металл – алюминий өнеркәсібінің негізін Шығыс Торғай бокситті ауданының боксит кен орындары құрайды. Осы ауданда бұрын қолданыста болған технологиялық сұлба бойынша сазбалшықты өндіру үшін жарамсыз деп саналған кен орындары бар, бірақ Павлодар алюминий зауытының жаңа технологиялық сұлбаны әзірлеуі нәтижесінде төмен сұрыпты бокситтерден сазбалшық алу үшін жағдайлар жасалған. 
«Төмен сұрыпты бокситтерді қайта өңдеу технологиясы мәселесін толық шешу барланған кен орындары есебінен алюминий өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, зауыт қызметінің мерзімін 35 жылдан астам уақытқа ұзартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, алюминий өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын дамыту перспективалары бүгінгі күні жоғары сазбалшықты шикізаттың бокситті емес түрлерімен байланысты. Республика аумағында кең дамыған нефелин-лейцит және нефелин жыныстары, сондай-ақ алунит қайталама кварциттер практикалық қызығушылық тудыруы мүмкін. Ресейде 20 жылдан астам уақыттан бері олардан алюминий өнімдерін алады», – делінеді.

ЕЛІМІЗДІҢ КЕН ОРЫНДАРЫНЫҢ 65%-ЫН АЛТЫН КЕНІШТЕРІ ҚҰРАЙДЫ

Қазақстанның алтын кен саласы құрамында алтыны бар кендердің теңгерімдік қорларымен қамтамасыз етілген.

Алтын қорлары мен өндірісінің едәуір бөлігі құрамында алтыны бар кешенді колчедан-полиметалл кен орындарына тиесілі, олардан алтын ілеспе компонент ретінде алынады. Алтын кен орындарының қоры мемлекеттік теңгерімде есепке алынған кен орындарының 65 %-ын құрайды. Олардың жартысынан астамы байытылуы қиын     «табанды» кендерге жатады және технологиялық проблемаларды шешу игерілетін кен орындарындағы өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, сондай-ақ жаңа объектілерді игеруге тартуға мүмкіндік береді, – делінген. 

Бүгінгі кұні кен орындарының көбінде құрамында алтын бар оңай қолжетімді, жер бетіне жақын (тотыққан) кендер өңделіп болған. Ал терең бөлігінде қалғандардың тиімділігі төмен болды, сондықтан оларды игеру үшін жаңа өндіріс технологиясын енгізу қажет.  

Бұдан бөлек, елімізде жерде сирек кездесетін металдар бар. Жалпы ол жоғары химиялық белсенділікпен байланысты өзінің ерекше қасиеттерінің арқасында өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларында әлемде кеңінен қолданылып жатыр. Біздегі ЖСКМ теңгерімдік қорларының 70 %-ы кенденуі Маңғыстау облысында теңіз организмдерінің сүйек дендритімен байытылған бор олигоцен саздарының шөгінділеріне байланысты Борлы, Томақ, Тайбағар, Тасмұрын бірегей сорббиогенді типті уран кен орындарында орналасқан. Олар құрамында уран мен жерде сирек кездесетін элементтерден басқа фосфор, ванадий және күкірт бар кендер кешенді кендер. Кен орындары бос. Қалған теңгерімдік қорлар Қостанай облысында шоғырланған екен. 

Сондай-ақ қазба байлықтар туралы айтқанда тау-кен-шикізаты туралы айтпау мүмкін емес. Қазақстанның фосфор өнеркәсібінің қуатты минералдық-шикізат базасы бар, ол елдің ішкі қажеттілігін және ұзақ перспективаға экспортты қамтамасыз етуге қабілетті. Бірақ фосфор кендердің кемшілігі бар. Оларды байыту өте қиын және ашық әдіспен өндіруге арналған қорлардың көп бөлігі қолжетімді болмай отыр. 

25 ТҮРЛІ АСЫЛ ТАС БАР

Қазақстанда асыл және жартылай асыл тастар да бар. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қорлардың мемлекеттік теңгерімінде техникалық және түрлі-түсті тастардың 25 түрі есепке алынған. Олар сәндік гетит, кварцты друзалар, зергерлік-сәндік және коллекциялық малахит, көгілдір ақық, хризопраз, сәндік яшма, минералданған ағаш, офиокальцит, агальматолит, кахолонг, змеевик, серпентинит, мүкті және түсті ақық, коллекциялық аширит-диоптаз, зергерлік және сәндік жадеит, мұзды кварц, сәндік родусит, сәндік плагиобазальт және сферолиттік порфир, гематит-қан тасы, техникалық абразивті түсті халцедон, хлорит-гранат тастары.

Бір қызығы, Қазақстан оңірлері кен орнының таралу саны мен сипаты және бағалы және жартылай бағалы тастардың көрінісі бірдей емес. Атап айтқанда Солтүстік Қазақстанда техникалық гауһар, нефрит, серпентинит, малахит, көгілдір ақық кен орындары; Орталық Қазақстанда жадеит, хризопраз, ақық, берилл және гранат кен орындары, Оңтүстік Қазақстанда гематит-қан тасы, түсті және техникалық халцедон, абразивті шикізат және басқалар анықталған. Ал Оңтүстік Қазақстандағы Бетпақ Дала мен Шу-Іле тауларында зергерлік гауһар тастардың көріністері табылған. 

Айта кетейік, Қазақстан кеңінен таралған пайдалы қазбаларға да бай. Бүгінде мұндай қазбалардың 3 мыңнан астам кен орны есепке алынды. Негізгі теңгерімдік қорлар елдің Оңтүстік, Солтүстік және Батыс өңірлерінде таралған. 

ЖЕРАСТЫ ЖӘНЕ ЕМДІК МИНЕРАЛДЫ СУЛАР ДА ТАБИҒИ БАЙЛЫҚ

Елдің экономикалық дамуы мен халықтың әлеуметтік жағдайы тек мұнай, металдар мен бағалы тастарға ғана байланыс емес. Ең алдымен жерасы суларының болуына байланысты болып отыр, сондықтан ол стратегиялық ресурс болып табылады.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде жерасты суларының 4324 кен орны белгілі, оларды өндіру осы кен орындарының 5282 пайдалану учаскесінде жүргізіледі. Морфологиялық жағдайларға байланысты жерасты суларының негізгі қорлары анықталды және олар елдің оңтүстік өңірлерінде орналасқан. Бұл ретте батыс өңірі ауыз сумен аз қамтылған, – делінген тұжырымдамада. 

Сондайа-ақ аталған стратегияда елдегі емдік минералды сулардың жағдайы туралы айтылады. Ел аумағында емдік минералды жерасты суларының 47 кен орны бойынша 140 учаске пайдаланылады, 31 кен орны пайдаланылмайды. Қорлардың едәуір бөлігі (66 %-дан астамы) Алматы және Түркістан облыстарында шоғырланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама