Қазақстан импорты 2011 жылдан бері азаймаған – Ұлттық банк зерттеуі
Ресей импортының көптігі инфляцияны өсіріп отыр
Ресеймен тығыз экономикалық қатынасымыздың елдегі инфляцияға қаншалық үлес қосып отырғаны жарияланды. Бас банк жүргізген зерттеуде тұтыну тауарларының ішінде импорттың тым жоғары болуы, оның ішінде негізгі үлесін Ресей өнімдері алып отырғаны басты себеп ретінде көрсетілген.
«Қазақстанға арналған инфляцияның серпінді факторлық моделі» деген тақырыппен жарияланған зерттеуде инфляциялық процестерге сыртқы фактордың негізгі үлес қосатыны айтылады. Өйткені сырттан келетін дайын және аралық импорттың үлесі жоғары. Мысалы, ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2020 жылы азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесі 22,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынудағы импорт үлесі 60,3% болған.
Тұтыну қоржынындағы импорттың үлесі 2011 жылдан бері өзгерместен, бір деңгейде қалып отыр. Оның ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар шамамен 60% әрі азық-түлік өнімдері бойынша 20% деңгейінде сақталып келеді. Сыртқы факторлардың көп бөлігі негізгі сауда серіктесіміз – Ресейден келетін инфляция импортының ықпалынан туындайды, – делінген ұлттық банк жариялаған зерттеуде.
Зерттеушілердің жазуынша, Ресеймен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатып, жалпы импортымыздағы үлесі көбейіп кеткендіктен осыған душар болып отырмыз. Мысалы былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында Ресей тауарлары импортымыздың 41,1%-ын алған.