Биылғы бюджет мұнай барреліне 90 доллармен есептелді
Бюджет шығындары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылған
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бүгінгі үкімет отырысында биылғы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы қалай нақтыланатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, мұнай нарығында жыл басынан бері мұнайдың Brent маркасының орташа бағасы барреліне 98 долларды құрады. Бұл ретте мұнай бағасы бойынша Дүниежүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы мұнай бағасын 74-105 доллар аралығында болжап отыр. Осыған байланысты макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалған. Ал инфляция 8-10% аралығында болады деп есептейді.
Президент қойған міндеттерді іске асыру, республикалық бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылға бекітілген Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 1,6 трлн теңгеге ұлғайтып, 4 трлн теңгеге дейін түзету ұсынылады, – деді Қуантыров.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, биылғы бюджет шығындары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылған. Оның 1,1 трлн-ы бюджеттің өз кірістері болса, 1,6 трлн-ы Ұлттық қордан аударылатын кепілдендірілген трансфертті ұлғайту есебінен болмақ. Сайып келгенде, биылғы бюджет түсімдері 15,8 трлн, шығыстары 18,8 трлн теңге көлемінде қалыптасып отыр.