Halyq Uni логотип
×

Қазақстандық кәсіпкерлер өз бизнесімен бөлісуге дайын емес – қаржыгер

Қазақстандағы заңнама IPO-ға шығуға ынталандырады

 Бауыржан Мұқанов 24.03.2023 | 10:45

Қазақстанда орта бизнесті қор нарығына шығару әлі қалыптаспаған. Оның себебін біреулер елде инвестиция мәдениетінің жеткілікті деңгейде дамымауымен, бірі бизнес иелерінің өздерінің IPO-ға дайын еместігімен, енді бірі заңнаманың әлсіздігімен түсіндіреді.

AIX биржасының Қаржы директоры Жарас Мұсабеков Halyq Uni ютуб арнасына берген сұхбатында Қазақстан заңнамасында орта бизнесті IPO-ға шығаруға барлық заңнамалық жағдай жасалғанын, тіпті, керісінше, бизнесті IPO-ға шығуға итермелейтінін жеткізді.

Барлық биржаның өзінің стандартты талаптары бар. Бизнес IPO-ға шығуы үшін сол талаптарға сай  болуы керек. Мысалы, қаржылық операциялардың ашықтығын көрсету соның бірі. Мүмкін, кей орта бизнес субъектілері қосарланған бухгалтерия жүргізгендіктен осы талапқа сай келмеуі ықтимал. Бұл бизнестің қор нарығына шығуына кедергі, – дейді Жарас Мұсабеков.

Қаржыгердің айтуынша, бизнесті ары қарай дамыту үшін, мысалы, Ресей немесе Өзбекстан нарығына шығу үшін, капитал қажет болса, бизнесмен банкке барады. Бірақ онда кепілзат сұрайды. Кәсіпкер өзінің бизнесін кепілдікке қоюы мүмкін. Ал қор нарығында бизнестің 5-10 немесе 20-25 пайызын сатып, сол қаражатқа капиталды инвестиция жасап бизнесті үлкейтуге болады.

Менің ойымша, қазақстандық кәсіпкерлер өз бизнесін басқа біреуге сатуға, яғни бөлісуге дайын емес. Орта бизнес қор нарығына шықпайтын болса, онда ол кәсіп бір қала, бір облыс, бір республика ішінен шыға алмай қалады. Мысалы, АҚШ-тағы Apple, Disney, Sony секілді алпауыт компаниялардың ешқайсында үлкен бір акционер жоқ. Компанияның барлық акциясы сатылып, бөлініп кеткен. Қор нарығынан қаражат тартып, оны бизнеске инвестициялап, дүние жүзіне тараған осындай компаниялар әдетте табысты болады, – дейді AIX қаржы директоры.

Қаржыгердің айтуынша, қазір Үкімет IPO арқылы ұлттық компанияларды жекешелендіру стратегиясын ұстанып отыр. Нақтырақ айтқанда, бүгінге дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ секілді ұлттық компаниялар жекешелендірілсе, алдағы уақытта бұл қатарға «Air Astana» АҚ, «QazaqGas» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жасыл активтерінен құралған бөлек компания, 2025 жылға дейін сонымен қатар «Қазақстан Темір Жолы» АҚ акциялары көпшілікке сатылмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама