×

Халықтың баспанаға сұранысы артып барады

Жоспарлы көрсеткішіті түзетуге не себеп?

 Ербол Тұрымбет 20.03.2023 | 16:48
Коллаж: Halyq Uni

Ақпандағы баспана саудасының күрт азаюына сала сарапшылары түрлі болжам айтты. Көбінің сөзі әмбеге белгілі факторларды негізге алады. Демек, мәселені статистика деректерінен көруге болады. Халықтың баспана жағдайын жақсарту мақсатымен БЖЗҚ-ға берген өтініші, «Отбасы» банкіндегі депозитін есепке алып көрейік.

БЖЗҚ-ҒА ТҮСКЕН ӨТІНІШТІҢ ҮШТЕН ЕКІСІ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЖҰМСАЛАДЫ

Наурыздың басындағы мәлімет бойынша халыққа БЖЗҚ-дағы жинағынан шекті мөлшерден асқан қаражатын шешіп алуға рұқсат берілгелі бері 2 153 332 өтініш түскен. Оның ішінде арнайы шотқа аударылғаны – 3 185 921 теңге. Тағы 464 803 теңгесі уәкілетті оператордан БЖЗҚ-ға кері қайтарылған.

Ал ақпан айында БЖЗҚ-нан шешіп алынған көлеміне келсек, барлық қаражаттың 7,5 млрд теңгесі, яғни үштен екісі тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалған. Олардың ең көп бөлігі – 4,6 млрд теңгесі үйдің толық төлеміне кеткен. Депозиттерін толықтыруға 1,1 млрд, ипотеканы ішінара немесе толық өтеуге – 1,1 млрд, бастапқы жарна енгізуге және ипотека алуға – 469 млн теңге бағытталған. Тағы 146 млн теңгесі басқа мақсаттар арасында бөлінген.

ТЕҢГЕЛІК ДЕПОЗИТ ӨТЕМАҚЫСЫ «ОТБАСЫ БАНКІНДЕГІ» ЖИНАҚТЫ ҰЛҒАЙТАДЫ

2023 жылдың 16 наурызында теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуге арналған қаражат екінші деңгейдегі банктерге түсті. «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ақшаларды банктерге аударды. Оның жалпы көлемі 306,6 млрд теңге. Ал мемлекет тарапынан 10%-дық сыйлықақыны алатын салымшылар саны 2 млн 615 мың 772 адамды құрады.

Оның ішінде нақ баспана үшін ақша жинап отырғандарға бөлінетін үлес те аз емес. «Отбасы банкінің» соңғы мәліметтеріне қарасақ, ондағы 883 071 депозитке 10% көлемінде жиынтық құны 115 млрд теңгеден астам өтемақы төленбек.

2023 жылдың 23 ақпанындағы жағдай бойынша, «Отбасы банкі» салымшыларының 80%-ға жуығы (689 597) 200 000 теңге көлеміндегі өтемақыға қол жеткізеді. Клиенттердің тағы 13,3% (113 686) 200 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейінгі сомаға сенім арта алады. Ал 1 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік қолдауды салымшылардың 3,99%-ы (34 127) иемденеді. Одан бөлек, 2 млн теңге көлеміндегі ең жоғары сома 2 375 депозит иелерінің есепшотына түседі.

Айта кетерлік қызық жайт, өтемақы алуға өтініш бергендердің арасында шотында небәрі 10 теңгеге дейінгі жинағы бар салымшылар да бар. Олардың барлығы (539) 1 теңге көлемінде өтемақы алады.

Өтемақы 2023 жылдың 10 ақпанына дейін өтініш беру арқылы төлемге келісімін растаған салымшыларға ғана аударылады. Егер депозиттен ақша ішінара шығарылған болса, онда өтемақы сақталған депозиттің ең аз қаржы қалдығына есептеледі. Сондай-ақ 2022 жылдың 23 ақпанынан кейін салымға толықтырылған қаражат есепке алынбайды.

Аталған банктегі соңғы мәліметтерге қарағанда, онда барлығы 2 575 568 депозит ашылған. Жалпы осы банк жүйесіне елдегі экономикалық белсенді халықтың 27%-ы қатысады.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан қорытындысы бойынша бір тұрғынға тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 0,78 шаршы метрді құрады.

Министрліктің әрбір қазақстандыққа шаққанда 30 шаршы метр межеге қол жеткізу үшін қарымды еңбек атқарылып келеді. Мысалы, 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің ұлғаюы барлық өңірлерде байқалады. Оның алдындағы жылдың деңгейіне қарағанда тұрғын үй құрылысы қарқынының неғұрлым елеулі өсімі Шымкент қаласында (156%), Қарағанды (125,2%), Павлодар (122,8%), Қостанай (118,7%), Шығыс Қазақстан (116%), Солтүстік Қазақстан (114,7%), Жамбыл (114,1%), Ақтөбе облысында (113,6%), Түркістан (112%), Батыс Қазақстан (111,7 %) облыстарында байқалады.

Ал тұрғын үй құрылысы қарқынының мардымсыз өсімі – Алматы (109,6 %), Нұр-Сұлтан (104,3 %) қалаларында, Қызылорда (108,6 %), Атырау (108,2%), Алматы (106,2 %), Ақмола (104,4 %) және Маңғыстау (101,3%) облыстарында.

Сөйтіп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бір тұрғынға шаққанда 0,89 шаршы метрді құрады.

Бір тұрғынға шаққанда тұрғын үйді іске қосудың ең жоғары деңгейі Нұр-Сұлтан (2,59 шаршы метр), Алматы (1,30 шаршы метр) және Маңғыстау (1,63 шаршы метр), Атырау (1,35 шаршы метр), Ақтөбе (1,30 шаршы метр) облыстарында байқалды. Төмен көрсеткіш – Түркістан (0,40 шаршы метр), Шығыс Қазақстан (0,44 шаршы метр), Алматы және Қарағанды облыстарында (0,48 шаршы метр) байқалады.

Республика бойынша тұрғын үй қорының көлемі 2020 жылмен салыстырғанда, 2021 жылы 103,8%-ға ұлғайды. Тұрғын үй қоры көлемінің ең көп өсімі Нұр-Сұлтан (11,1%), Шымкент (5,6%), Алматы (5,8%), Атырау (5,7%), Маңғыстау (6,6%) облыстарында көрінді.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында мемлекеттік инвестициялар есебінен 2017 – 2021 жылдары жаппай тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда инженерлік коммуникациялар құрылысы қамтамасыз етілген. Оның ішінде азаматтарға жеке тұрғын үй салуға бөлінетін 199,9 мың жер учаскесі коммуникациялармен жайластырылды.

Неғұрлым көп жер учаскелері Ақтөбе (57519), Түркістан (37539), Атырау (17086), Қызылорда (16578) облыстарында коммуникациялармен қамтылған.

Жеке құрылыс салушыларға кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемерді жабуға 13,5 млрд теңге көлемінде субсидиялар берілді. Соның арқасында 144 жобаны іске асыруға және 975 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салуға мүмкіндік туды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жағдай мәз болмады. Тұрғын үй құрылысы үшін бос жер алаңдарының, қажетті инфрақұрылымның болмауына және халықтың тыныс-тіршілігіне жауап беретін энергия көздерінің тапшылығына байланысты жергілікті атқарушы органдар жоспарлы көрсеткіштеріне түзетулер енгізіп, соның салдарынан пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылдармен салыстырғанда аздау болып шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама