×

Қырғызстанмен шекарада жалған құжатпен 6 жүк көлігі анықталды

Осылайша, елімізге заңсыз тауарлар жеткізілмек болған

 Қымбат Елтайқызы 04.04.2022 | 12:30
фото: қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылғы 1 сәуірде жалған ілеспе құжаттармен халық тұтынатын тауарлардың (киім, аяқ киім, косметика, ыдыс пен т.б.) ірі партиясын Қазақстанға әкелу әрекетінің жолын кесті.

Қырғызстаннан келе жатқан 6 жүк көлігін салықтық тексеру барысында құжаттарда Қазақстан алушысы ретінде көрсетілген компанияның аталған тауарлардың импортына ешқандай қатысы жоқ екені анықталды, – дейді қаржы министрлігі.

Жүргізілген тексеру аясында компания басшысы импортқа қатысы жоқтығы туралы мәлімдеме жасады. Осыған байланысты аталған іс бойынша материалдар тауарларды мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында сотқа жіберіледі. Мемлекеттік кірістер комитетінде түсіндіргендей, импортқа қатысы жоқ тұлғалардың атына тауарларды әкелу сұлбасы импортқа ҚҚС төлеуден жалтару үшін қолданылады.

Қырғызстанмен өзара саудада көлеңкелі тауар айналымын қысқарту мақсатында бірқатар жұмыс кездесуі өтті. Бұл мәселе 2022 жылғы 15-16 ақпанда Алматыда өткен Қазақстан және Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында да қаралды. Нәтижесінде Қырғызстан қаржы министрлігі жанындағы мемлекеттік салық қызметі 16 ақпаннан бастап экспорттаушыларда ЕАЭО елдеріне экспорттау кезінде тасымалданатын тауарға электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді өзіне алды. Дегенмен ЭШФ-сыз тауарларды өткізу фактілері жалғасып жатыр. Мысалы, тек 27-31 наурыз аралығында Қытай өндірісінің халық тұтынатын тауарларын тасымалдаған 345 жүк машинасының 268-і (78%) ЭШФ-сыз жөнелтілген. Қалған жағдайларда ЭШФ барлық тауарға рәсімделмеген. Мемлекеттік кірістер комитетінің Қырғызстаннан келе жатқан жүк көліктеріне жүргізген тексерулері Қазақстан әрі Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес келетінін атап өткен жөн. Оларға сәйкес, салықтық тексерулер тасымалданатын тауарға ЭШФ болмаған кезде жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама