Ет өндірісі мен тұтынуы азайды: Шаруалар субсидияны екі есе көбейтуді сұрайды

Ербол Тұрымбет

Саладағы нақты мәліметтер Үкіметтегі оң статистикамен үйлеспейді

Коллаж: Halyq Uni

Наурыздың 14-і күні өткен Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов өткен қаңтар-ақпан айларында елде азық-түлік өндірісінің 10%-ға өскенін мәлімдеген еді. Алайда Үкімет басшысының ресми дерегіне сала өкілдерінің мәліметі мүлде кереғар шығып отыр. Соның ішінде, нақты ет және сүт өнімдерінің өндірісі мен тұтыну көрсеткіші былтырдан бері төмендей бастаған.

ХАЛЫҚ ЕТ ЖЕУДІ АЗАЙТА БАСТАДЫ

Мәселен, Ұлттық статистикаға сілтеген Бірінші несие бюросы мынадай деректерді жариялады. Қазақстанда екінші жыл қатарынан ет пен ет өнімін тұтыну азайып келеді. Мәселен, 2022 жылы орта есеппен әрбір қазақстандық 78,1 келі ет жеген. Ол 2021 жылғы көрсеткіштен 4,2 келі аз. Ал шикі сүтте тұтыну көлемі жылдан жылға кеміп барады. Былтыр орташа көрсеткіш әр қазақстандыққа 15,2 литрден тиіп, 2018 жылдан бері 6,3 литрге кеміп қалғаны белгілі болған. Картоп тұтыну да да сол жағдай. 2018 жылы әрбір ел тұрғыны 48,3 келіден жеген болса, былтыр 45 келіге түсіп қалған.

Ауыл шаруашылығындағы кері кеткен статистиканы сала маманы да растап берді. Фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ермек Әбуовтың айтуынша, 2022 жылы елімізде 1 млн 237 мың тонна ет өндіріліпті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,1% артық. Бірақ сиыр етінің өндірісі 2021 жылға қарағанда 1,3% кеміген. Сонымен бірге, шошқа еті 7%, қой еті өндірісі 0,1% азайған. Қалған жылқы мен құс етінде өсім байқалады.

Тағы бір келтірген мәліметі, 2022 жылы халық 1 млн 365 мың тонна ет және ет өнімін тұтынған. Ол алдыңғы жылдан 2% төмен. Елде ет өнімі жеткілікті болғанымен, құс еті бойынша 68% ғана қамтылғанбыз. Ал шұжық өнімдері былтыр 4%-ға артып, экспоты да өскенімен, өз елімізді қамту көрсеткіші 60-61%-дан аспай отыр. Қалғаны импорттан келеді.

Еттің барлық түрінің 49%-ы жұртшылық шаруашылықтарда өндіріледі. 2022 жылы ірі қара мал сол жұртшылық шаруашылықтарда 1,7%-ға, қой болса 5,4%-ға азайған. Осының салдарынан сиыр еті болсын, қой еті болсын, көлемі азайған. Бір жағынан 2022 жылы жем-шөптің қымбаттауына да байланысты, дейді Ермек Әбуов.

СУБСИДИЯНЫ КЕМІ ЕКІ ЕСЕ АРТТЫРУ КЕРЕК

Одақ өкілі осы ауыл шаруашылығында субсидия мәселесінің түйткілі шешілмей тұрғанына қапалы. Мысалы, 2022 жылы ауыл шаруашылығының барлық түрі бойынша 450 млрд теңге субсидия бөлінгенін айтады. Бірақ сол қаражат шаруаның бәріне бірдей жетпей келеді.

Мысалы, былтырғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 9 трлн теңгенің үстіне шықты. Ал көрші елдерімізге қарасақ, олар өз шаруаларына бізден әлдеқайда көп көмек жасайды. Еуропаға еліктемей-ақ қоялық, олардың субсидиясы әлдеқайда артық. Тым болмаса, мына Ресейдің деңгейіне жақындау керек. Сондықтан да субсидия жылына жоқ дегенде 900 млрд теңгедей бөліну керек. Оның қайтарымы болады, – дейді сарапшы.

Бұл жерде кіші шаруашылықтарға дұрыс ден қойылмайтыны өкінішті болып тұр. Қазір ірі сүт өндірушілерге 45 теңгеден төленеді. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Ендеше кіші шаруашылықтарға да солай болу керек деген пікірде.

Және бір мәселе, маманның пайымынша, мал басына байланысты өлшемшарттардан арылып, субсидияны мал басына тіреп қоймау керек. Яяғни, шаруаларда 20 бас болсын, 50 бас болсын, ол өзінің субсидиясын алу керек. Сондай теңсіздік салдары қазір сүт тапшылығына ұрындырып отыр. Сондықтан мәселенің шешімі ретінде мал саны 50 бастан бастап сүт тауарлары фермасын салып, оларға субсидия көлемін ұлғайту керек. Сонда ғана халқымызды отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туатынын айтады.