Алматыда доллар бағамы қымбаттаған
Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 461 – 467 теңгеден саудаланып жатыр.
Kurs.kz деректері бойынша, Астанадағы валюта айырбастау орындарында 1 доллар 461-465 теңгеден сатылып жатыр.
Ал, Алматыда доллар бағамы 463-467 теңге аралығында.
16 наурыз кешкі сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 1,14 теңгеге қымбаттап, 465,90 теңге болған.
Ұлттық банктің 17 наурыздағы ресми бағамы – 1 долларға 466,15 теңге.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов теңге қатты құнсызданып кетсе, интервенция жасауға дайын екенін айтты.
«Біз инфляцияны болжаған кезде теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамын ескеріп отырамыз. Ұлттық банк қажет болған жағдайда, яғни доллардың теңгеге қатысты бағамы қысқа мерзімде қатты өсіп кетсе, интервенция жасауға құқылы. Керек болса, ондай интервенция жасаймыз. Естеріңізде болса, былтыр көктемде 1,5 млрд долларға интервенция жасадық. Сол былтырғы сәуір айынан бері интервенция жүргізген жоқпыз. Бірақ қажеттілік туса, тағы да интервенция жасаймыз», - деді Ұлттық банк басшысы.