×

«Саудаласуға келгенде 20%-ға дейін түсіреді». Сарапшы баспананың қымбаттауын түсіндірді

Статистика мен нақты сауда екі түрлі

 Ербол Тұрымбет 16.03.2023 | 16:36
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы ақпанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 118 мәміле тіркелген. Ол қаңтарға қарағанда 0,7% төмен. Ал алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда шамамен 2 есе (48,2%-ға) азайған, ол кезде 46 577 мәміле ресімделген еді.

Әдетте сауда тұралаған сайын баға да түсуге тиіс еді. Алайда баға статистикасы сол қалпы өсіп барады. Осы аралықта пәтерлерді қайта сату бағалары 13%, жаңа тұрғын үйлерді сату 14% өскен.

Ал елдегі негізгі баспана саудасы алаңы саналатын krisha.kz сайтының мәліметіне қарасақ, қайталама нарықта ұсынылған баспана бағалары біртіндеп тұрақталуын жалғастырып келеді. Өткен айда бүкіл жерде өсім қарқыны баяулаған, кей өңірде тіпті керісінше, төмендеп барады.

Мысалы, сайт мәлімдеуінше, ақпанда шаршы метрдің орташа бағасы қаңтарға қарағанда 0,4%, яғни 376 мың теңгеге дейін көтерілген. Бір айдағы ең үлкен өсім – 2,2 % Ақтауда тіркеліпті. Одан бөлек, Атырау, Семей, Шымкент пен Алматыда аздап көтерілген. Ал Астана мен Ақтөбе, Қостанай, Көкшетауда керісінше, сәл төмендеген. Басқа 8 өңірде баға сол қалпы.

Статистикадағы мұндай ала-құлалықты Қазақстан риэлторларының өз-өзін реттеуші қауымдастығының президенті Александр Пак былай түсіндіреді. Оның айтуынша, нарықта бағалар шынымен сол қалпы тұр. Тек Астанадан басқа жердің бәрінде не өспейді, не түспейді. Сосын, нақты саудаласқан кезде баға бастапқы межесінен әлдеқайда төмен болып шығады, шамамен 15%-ға дейін түсіреді.

Бұрынғы, баспана бағасы күрт өскенге дейінгі кезде саудаласқанда ары кетсе 5-10% аралығында арзандататын болса, қазір сауданың азаюына байланысты 20%-ға дейін ұлғая түскен. Себебі сатушылар бағаны ақылға сыймайтын дәрежеге көтеріп тастаған.

Бізде жұрт шаршы метр құны азық-түлікке, долларға емес, халықтың табысына тәуелді екенін ұмытып кете береді. Соның ішінде, әсіресе өңірлер бойынша орташа табысқа сай бағаланады. Бүкіл әлемде солай. Байқасаңыз, өңірлерде шаршы метр құны 300-350 мың шамасында, ал елордада 700 мыңға дейін барады. Мұндай баға бекерден-бекер қойылмайды, – дейді сарапшы.

Александр Пак әдетте туризмде қолданылатын қағиданы мысалға келтіреді: адам демалыста қыдырғанда бір жарым жалақысын жұмсайды. Оның сөзінше, шаршы метр бағасында да сол жағдай. Егер пәтер бағасы қожайынның қалауымен қойыла берсе, баға тіпті шарықтап кетер еді. Өйткені, үйдің бастапқы бағасы қалай қойылатыны күлкілі келтіреді.

Мысалы, пәтерін сататын адам біріншіден, өзінікіне ұқсас пәтерлердің бағасына қарайды. Сонда 20 млн теңгенің пәтерін көрсін делік. Бірақ ішінде жөндеуі нашарлау болып тұрса, сатушы қандай ақылға сүйенері белгісіз, үстіне тағы 2 млн қоса салады. Сосын үстінде төртінші қабатта біреу 22 млн-ға сатып жатса, бұнікі екінші қабатта болса, тағы 2 млн қосады. Міне, қазір сатушылардың осындай тәртіппен қойған бағалары ақылға сыймайды, – дейді сарапшы.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама