19 наурызда Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді
Алдағы жексенбіде, 19 наурызда Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Сенат отырысынан шыққан соң сайлаудан кейін теңге девалвацияға ұшырауы мүмкін деген қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Біз валюта нарығындағы барлық әрекетімізді ашық жүргізіп отырмыз. Алтын валюта резервінің интервенциясы ғана емес, Ұлттық қордың валютасын сату, біз басқаратын басқа қорлардағы валюта бойынша операциялар, яғни БЖЗҚ. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Сондықтан Ұлттық банк сайлау алдында теңге бағамына қандай да бір әсерін тигізеді деген әңгіме шындыққа жанаспайды», - деді Ғалымжан Пірматов.
Ғалымжан Пірматов теңге қатты құнсызданып кетсе, Ұлттық банк интервенция жасауға дайын екенін айтты.
«Біз инфляцияны болжаған кезде теңгенің басқа валюталарға шаққандағы бағамын ескеріп отырамыз. Ұлттық банк қажет болған жағдайда, яғни доллардың теңгеге қатысты бағамы қысқа мерзімде қатты өсіп кетсе, интервенция жасауға құқылы. Керек болса, ондай интервенция жасаймыз. Естеріңізде болса, былтыр көктемде 1,5 млрд долларға интервенция жасадық. Сол былтырғы сәуір айынан бері интервенция жүргізген жоқпыз. Бірақ қажеттілік туса, тағы да интервенция жасаймыз», - деді Ұлттық банк басшысы.
Айта кетейік, Қазақстанда қазір 1 доллардың бағамы 464 теңге тұрады.