Қазақстанға тауарлар кеш жеткізіліп жатыр – Ұлттық банк
Жылдық инфляция – 21,3%
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстандағы іскерлік белсенділікке кері әсер етіп жатқан факторларды атады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр.
Ғалымжан Пірматов биыл әлем экономикасында белсенділік жақсарғанын айтты.
«Іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі 6 ай төмендеген соң қаңтардағы 49,8-ден ақпанда 52,1-ге дейін өсті. Қытай экономикасының ашылуына байланысты сұраныс артып, рецессиялық тәуекелдер төмендеп, логистикалық маршруттар жөнге келгендіктен баға қысымының әлсірегені байқалды», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Қазақстан 8 ай қатарынан теріс аймақта болған. Бірақ бүгінде іскерлік белсенділік жағдайы жақсара бастаған. Алайда салаға кері әсерін тигізіп жатқан факторлар бар.
2023 жылғы қаңтарда іскерлік белсенділік индексі өсу аймағына өтіп, 50,7-ні көрсетті. Ақпанда индикатор 50-ді құрап, өзгеріс болмағанын аңғартты. Барлық секторда тауар жеткізу мерзімінің ұзақтығы іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып қалып отыр, - деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ақпанда жылдық инфляция 21,3%-ға жеткен.
«Бұдан әрі біздің жаңартылған болжамымызға сәйкес 2023 жылдың соңына дейін инфляция 9-12%-ға дейін баяулайды деп жоспарланып отыр. Оған қазіргі кездегі ақша-кредит саясаты, сыртқы инфляциялық ортаның төмендеуі және логистикалық жеткізу жолдарының ретке келуі әсер етеді», - деді Ғалымжан Пірматов.