×

Қазақстандық банктер жанама санкция қаупі барын ескеруі керек – Олжас Қизатов

2022 жылдың басынан бастап Ресейге салынған санкция күшейді

 Дәурен Ерболат 15.03.2023 | 17:26
фото: dzen.ru

Қазақстан банктері ресейлік банктермен бірлесіп жұмыс істегенде жанама санкция қаупі барын ұмытпауы керек. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан соң БАҚ өкілі агенттік басшысының орынбасарынан: «Freedom Bank және Tinkoff бойынша сұрағым бар. Сіздер Freedom Bank және қалған банктерге ескерту жасайсыздар ма? Мысалы, қандай да бір “махинация” жасалғанда бұл жанама санкция қаупін тудырмай ма?» деп сұрады.

Бұл жанама санкция қаупін тудырады деп нақты айту мүмкін емес. Алайда біз жанама санкция қаупі барын да айтуымыз керек. Біз бұл мәселені зерттеп, қажет болған жағдайда шара қолданамыз, - деді Олжас Қизатов.

Агенттік өкілінің айтуынша, 2022 жылдың басынан бастап Ресейге салынған санкция күшейген.

«Осы уақыт ішінде екінші деңгейдегі банктердің комплаенс қызметтері тарапынан талаптар күшейтілді және көптеген дайындық жұмысы жүргізілді. Менің ойымша, қазір банктердің комплаенс-қызметтері қабылдаған барлық шара жанама санкцияға іліну тәуекелін барынша азайту үшін жеткілікті болып саналады», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та ресейлік Tinkoff банкі өз клиенттеріне Қазақстанда банк картасын аша алатыны туралы ақпарат тараған.

Аталған банк өзінің премиум-клиенттеріне қазақстандық Freedom Bank-те Mastercard картасын ашу мүмкіндігі туралы хабарлаған.

Tinkoff банкі ақпанның соңында санкцияға ұшырады. Содан кейін банк кейбір елдерге валюта аударымдарын шектеуге мәжбүр болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама