Қазақстанда инфляция құбылмалы болып тұр – Ұлттық банк
Жылдық инфляция – 21,3%
Қазір Қазақстанда инфляция көрсеткіші құбылмалы болып тұр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурызда ең жоғары мәнге жеткен соң, біртіндеп төмендеп жатыр. Бірақ ол ақпанда 1,3%-ға дейін аздап жеделдеді. Осылайша, айлық инфляция құбылмалы болып тұр және 5 жыл ішіндегі орташа жылдық мәннен асатын деңгейде. Жылдық мәнде ақпандағы инфляция 21,3%-ға жетті», - деді Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында.
Ұлттық банк ақпанда кезекті болжамды раундты аяқтаған.
«Жаңа деректер мен сыртқы және ішкі факторларды ескеріп, инфляция болжамы биыл 9-12%-ға дейін, 2024 жылы 6-8%-ға дейін қайта қаралды, 2025 жылы өзгеріссіз – 4-6% деңгейінде сақталды.
Геосаяси жағдайдың салдарынан және оның белгісіздігі аясында, сондай-ақ әлемдегі азық-түлік бағасының жоғары болуынан сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Инфляцияның ішкі тәуекелдері тұрақты ішкі сұранысқа, логистикалық жеткізу жолдарының қайта құрылуына және ынталандырушы фискалдық саясат пен жоғары инфляциялық күтулерге байланысты», - деді Ұлттық банк төрағасы.