×

Ресейліктердің үдере көшіп келуінен елімізде ішімдікті тұтыну 2 есе артқан

Қазақстандықтар арасында сыраға сұраныс өте жоғары

 Дәурен Ерболат 13.03.2023 | 11:31
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Елімізде бір жылда ішімдікті тұтыну 2 есе артқан, деп хабарлады Energyprom.kz.

Былтыр еліміздегі дүкендерде 139,9 млн литрден асатын арақ, коньяк және спирт сатылды. Бұл көрсеткіш күшті алкогольдік өнімдер нарығында абсолют рекорд болып саналады. 2021 жылмен салыстырғанда ішкі нарықта осы санаттағы алкоголь өнімдерін сату көлемі 90,4%-ға өсті.

Нарықта арақ және арақ-ликер өнімдерін тұтыну жоғары. Олардың сатылымы 44,2 млн литрден 90,1 млн литрге дейін 2 есе өскен.

Спирт сатылымы да артқан. Бірақ салыстырмалы түрде көп емес: 29,3 млн литр (68,1%). Сондай-ақ коньяк сатылымы да көбейді: 20,5 млн литр (73,5%). Былтыр шарап 26,9%, шампан – 28%, сыра – 1,9% аз сатылды.

Сатылым жағынан сыра сөзсіз көшбасшы. Былтыр жалпы 756,1 млн литр сыра сатып алынған (бөтелке, банка және бөшке түрінде).

Қазақстанда алкогольге деген сұраныстың күрт өсуінің бірден-бір факторы сатып алушылардың, оның үстіне арақ пен коньякты көп ішетіндер санының күрт өсуімен байланысты. Атап айтқанда, ресейліктердің Қазақстанға үдере көшуі де жағдайға әсерін тигізді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне сәйкес, ресейліктер қазақстандықтардан 2 есеге жуық көп ішеді (жан басына шаққанда).

2022 жылы Қазақстанға ересек, экономикалық белсенді ресейліктер көп келді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр еліміздің мемлекеттік органдарына ЖСН алу үшін мемлекеттік қызмет алуға жүгінген Ресей азаматтарының саны 733,7 мыңнан асты. Бұл статистикада Қазақстанға 3 айдан аз мерзімге келіп, ЖСН алуға, банк картасын ашуға, жұмыс іздеуге әрекеттенбегендер есепке алынбаған. 

Алкогольді сусындардың бірде-бір түрі бойынша Қазақстан ішкі нарықты толық қанағаттандыра алмайды. Шампан өндірушілер ғана ішкі нарықтың айтарлықтай бөлігін алкоголь өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Шампан сатылымының 96,4%-ы ішкі өндіріс болса, тек 3,6%-ы ғана импорт.

Сыра қайнатушылар да импортты толық алмастыруға жақын: сатылған сыраның 92,4%-ы – отандық өнім, 7,6%-ы – импорт.

Арақ-ликер өндірісі де жаман емес. Елімізде сатылған барлық ликер мен арақтың 84,8%-ы отандық өнім болса, 15,2%-ы – импорт. Бұл өнім сыртқа да экспортталады, бірақ мардымсыз: бар болғаны 1,9%.

Былтыр алкогольге деген сұраныстың артуы өндірістің де, импорттың да өсуі есебінен қанағаттандырылды.

2022 жылы елімізде 121,1 млн литр ішімдік өндірілді. Бұл – екі есеге жуық (98,7%) өсім.

Сонымен қатар, 2021 жылмен салыстырғанда арақ пен ликер бірден 2,1 есе, ал коньяк 83,7% көп өндірілген. Сыра және шампан өндірісі азайған.

Сұраныс артқандықтан импорт та ұлғайды. Жалпы былтыр елімізге 33,8 млн литр күшті алкоголь әкелінді (52,5%-ға көбейген). Мұның жартысына жуығы – арақ (14 млн литр, 45,4% көбейген).

Ішімдікті тұтынудың айтарлықтай өсуімен қатар, шарықтаған инфляция аясында алкоголь өнімдері де күрт қымбаттады.

2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда орташа есеппен алкоголь өнімдердің бағасы 14,8% өсті. Өткен жылдары мұндай тауарлардың тұтыну бағасының индексі 7-10% аралығында өзгерді.

Ең қатты қымбаттаған алкоголь – сыра (18,9%). Баға өсімі бойынша екінші орында арақ (13,8%), үшінші орында шарап (11,6%) тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама