Halyq Uni логотип
×

«ҚазТрансОйл» Германияға 20 мың тонна мұнай жібереді

Компания 300 мың тонна мұнайды тасымалдай алады

 Дәурен Ерболат 01.03.2023 | 16:56
«ҚазТрансОйл» Германияға 20 мың тонна мұнай жібереді
Фото: AP

Биыл наурызда «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 20 мың тонна Қазақстан мұнайын жіберетін болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Энергетика министрлігі бекіткен мұнайды тасымалдау кестесіне сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ наурызда Германияға «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі бойынша «Адамова застава» мұнайды тапсыру пункті арқылы 20 мың тонна қазақстандық мұнай тасымалданады деп жоспарлап отыр», - деді «ҚазТрансОйл» АҚ Қоғаммен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры Шыңғыс Ілиясов.

Биыл бірінші тоқсанда компания Германияға «Адамова застава» мұнай тапсыру пункті арқылы 300 мың тонна Қазақстан мұнайын тасымалдауға мүмкіндігі барын растады.

«Бірақ мұнайды тасымалдаудың нақты көлемі компаниялардың өтінімдеріне байланысты болады. Ақпанда «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 20 мың тонна көлемінде қазақстандық мұнайдың бірінші партиясын жеткізді», - деді басқарма басшысы.

Бұған дейін компания Германияға жеткізілетін мұнайды қабылдай бастағанын растаған болатын.

«ҚазТрансОйл» АҚ – Қазақстандағы аса ірі магистральдық мұнай құбырлары жүйесінің меншік иесі. Олардың жиынтық ұзындығы (Ресейдегі және «ҚазТрансОйлдың» Самара қаласындағы өкілдігі балансында тұрған 35,85 шақырым Кеңқияқ – Орск мұнай құбырын есептегенде) – 5 378,47 шақырым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама