Сарапшылар елдегі доллар курсының арзандауына қатысты пікірін айтты
Бүгінгі курс бойынша америкалық долларды сатып алудың орташа бағамы - 455,49 теңге
Қазақстанда шетел валютасы осымен бірнеше күн қатарынан арзандап жатыр. Айта кетейік, доллардың 19-24 наурыз аралығындағы доллардың ресми бағамы 505,22 теңге болған еді. Қазір Қазақстанда доллар курсы – шамамен 458,76 теңге.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың пайымынша, рубльдің нығайып жатқаны Ресей экономикасында бәрі ойдағыдай дегенді білдірмейді.
Қазір ол жақта валютаның айналымда жүруіне тыйым салынған. Оның үстіне, ресейлік экспортер компаниялар саудадан түскен 5 доллардың төртеуін конвертациялауға міндетті. Сайып келгенде, валюта ұсынушылар көбейіп, сұраныс азайып тұр. Нарық қаржы регуляторының қыспағына түсіп қалды, - дейді сарапшы.
Сарапшы алда шын мәнінде не болатынын білмейді. Ол Ресей әскері Украинадағы соғысын жалғастырып жатқан сәтте бәрі болуы мүмкін деп болжайды. Жаңа санкциялар, бүтіндей мұнай эмбаргосы немесе Ресейдің доллардан бас тартуы да ғажап емес.
«Risk Takers» telegram-арнасы сарапшыларының жазуынша, ұлттық валютаның нығайып келе жатқаны қуанарлық жайт. Дегенмен, курс бірде жоғары, бірде төмен құбылып тұрғанда пайда көрем деп алыпсатарлыққа салынудың қажеті жоқ.
«Біраз адам 510 теңге және одан да жоғары бағаммен сатып алып, енді опық жеп отыр. Курстың бірден төмендеуі пайда тапқысы келгендер үшін көп жағдайда нәтижелі бола бермейді. Мысал үшін, 2020 жылдың наурыз-сәуір айлары аралығын алуға болады. Мұнай бағасы күрт төмендеп, теңге әлсірей бастағанда жұрт жапатармағай валюта сатып ала бастады. Сосын көп ұзамай теңге курсы бұрынғы қалпына қайта орала бастады да, көптеген алыпсатар қайтадан конвертация жасап үлгермеді», - дейді сарапшылар.
Сарапшылар ұлттық валютаның нығаюын қазіргі жағдайда «құбылмалы кезең» деп бағалап отыр. Теңгенің нақты бағамы қай аралықта болатынын білу үшін әлі де біршама уақыт күту керек.
Ақша айырбастау пунктері қауымдастығының басшысы Аршын Ғалымбаевтың пікірі де ақпарат құралдарында жарияланды. Оның сөзінше, кей ақша айырбастау орындары долларды Қазақстан қор биржасы бекіткен орташа бағамнан төмен сатып жатыр. Оның себебі, нарықта долларға деген ұсыныс көбейіп кеткен.
Айта кетейік, бүгін KASE доллардың орташа бағамы 458 теңге деп мәлімдеді. Ал ақша айырбастау орындарында 457-463 теңге аралығында саудаланып жатыр.