Қазақстан-Ресей мақта компаниясында заңбұзушылықтар анықталды
Кәсіпорын күмәнді құрал-жабдықтарды пайдаланған
Түркістан облысында Қазақстан-Ресей мақта компаниясын тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлады СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті.
Комитеттің Түркістан облысы бойынша департаменті «Қазақстан-Ресей мақта компаниясы» ЖШС-не профилактикалық бақылау жүргізген.
Нәтижесінде шитті мақтаны қабылдау кезінде күмән тудыратын автомобиль таразыларын қолдану анықталды. Бұл «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңның 19-бабы 1-тармағын бұзу болып саналады. Кәсіпорынға бұзушылықты жою туралы ұсыныс жіберілді, - деп жазылған хабарламада.
Тексерушінің іс-әрекетінде заңсыз кәсіпкерлік белгілері болуына байланысты полицияға, сондай-ақ Қазақстандық стандарттау және метрология институтына тексерушінің сертификатын қайтару туралы мәселені қарау үшін хат жолданды.