Halyq Uni логотип
×

2023 жылы 143 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі

2022 жылы 15,4 млн шаршы метр баспана салынды

 Ербол Тұрымбет 22.02.2023 | 15:57
2023 жылы 143 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 15,4 млн шаршы метрді құрады. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңінен 8,8% аз, деп хабарлайды Halyq Uni.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі Алматы қаласында 34,6%-ға күрт азайған. Сондай-ақ, Ұлытау (29,6%), Астана қаласында (24,7%) да төмендеу байқалған. 

Тұрғын үйлердің жалпы санынан:

  • 1 540-і көппәтерлі үй, олардың жалпы ауданы – 8 843,9 мың м2, 8,5% азайған;
  • 36 365-і жер үй, жалпы ауданы – 6 499,8 мың м2, 7,4% азайған 

Сонымен қатар, 2023 жыл басталысымен баспана құрылысында оң динамика байқалып отыр. Оны ресми статистика да дәлелдейді. Мысалы, қаңтарда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1 млн 17 мың шаршы метрге жеткен. Былтырғы қаңтарда көрсеткіш әлдеқайда төмен еді, ел бойынша барлығы 728 шаршы метрді ғана құраған. 

Айта кетерлігі, Түркиядағы алапат зілзаладан кейін еліміздегі құрылыс мамандары нысандардың сейсмикалық беріктігіне баса мән бере бастады. Жуырда ҚазҚСҒЗИ өкілдері арнайы жиын өткізіп, шетелдік мамандарды да тартып, пікірлерін білді. Аталған институт еліміздегі жаңа «Қала құрылысы кодексінің» жобасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны белгілі. Аталған заң мемлекеттің, инвесторлардың, құрылыс салушылар мен халықтың мүддесін теп-тең жағдайда сақтап, отандық құрылыс нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Өзбекстандық сейсмикаға төзімді құрылыс саласының өкілі Шамиль Хакимовтің айтуынша, құрама темірбетон қаңқаларынан гөрі заманауи құрылыс технологиялары артық. Оларды ТМД елдері аумағында енгізу үшін өзара ынтымақтастық керек. Әйтсе де Қазақстан мен Өзбекстан сияқты сейсмикалық белсенді аймақтарда көптеген шетелдік технология мен материалды қауіпсіз пайдаланбас бұрын, олардың «сейсмикалық қауіпсіздігін» арттырып алу керек.

Отандық құрылыс компаниясының басшысы Илья Тешевтің сөзінше, бұл технологияны пайдалану Қазақстан мен ТМД елдерінде тұрғын үй тапшылығы проблемасының шешілуіне септігін тигізе алады.  

Биыл елімізде салынатын жалпы көлемі 15 млн 300 мың шаршы метр баспананың құрылысына осы айтылған стандарттарды ескеру көзделіп отыр. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылы республика бойынша 130 мыңнан астам тұрғын үй салынғанын, ал 2023 жылы 143,5 мың тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтқан еді.

Баспана құрылысы көрсеткіші республика бойынша өсім көрсеткенімен, жекелеген өңірлерде жоспар орындалмай отыр. Айталық, жоспарды орындамаған өңірлер арасында Ұлытау (52,8 %), Солтүстік Қазақстан (74,8 %) және Атырау (86,8 %) облыстарының көрсеткіштері тым төмен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама