Ұлттық экономика министрі азық-түлік қымбатшылығы 1-2 айда тұрақталады деп есептейді
Әлібек Қуантыров азық-түлік бағасына қысым жасалып жатқанын мойындады
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тауарлар мен азық-түліктің қымбаттауына қатысты пікір білдіріп, азық-түлік бағасына қысым жасалып жатқанын мойындады.
«Әрине, қазір бағаға қысым бар. Оның ішінде импорттық қысым, инфляция. Бірақ бізде осы сияқты қысымдарға тосқауыл қоятын құралдар бар. Кешенді жоспар қабылданды. Қазір соны іске асырып жатырмыз.
Жағдай бір-екі ай ішінде тұрақталады деп ойлаймын. Түсінесіздер ме, баға әрдайым өседі. Бірақ, бұл жерде оның қаншалықты жылдам және қандай кезеңде өсетіні маңызды», - деді министр Үкімет кулуарында.
Еске салайық, 19-25 наурыз аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары Қазақстанда (ӘМАТ) бағасының 1,7%-ға өсуі тіркелді.
Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсуі 9,9%-ды құрады. Бір апта ішінде ең көп қымбаттаған өнімдер: қырыққабат – 11%, пияз – 9,3%, қант – 6,3%, картоп – 4,7%, сәбіз – 3,3%, тауық жұмыртқасы – 1,7%. Бір аптада ӘМАТ бағасының ең жоғары орташа өсімі Алматы қаласында және Қарағанды облысында – 3,5%-ға, Түркістан облысында – 2,5%-ға, Жамбыл облысында – 2,2%-ға тіркелді.