КҚК теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелтуін тоқтатты – министр жауабы
Энергетика министрі Болат Ақшолақов жағдайды түсіндірді
19 ақпанда ауа райы қолайсыздығына (күшті дауыл, толқын) байланысты Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелтуін тоқтатты.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау тоқтап тұрғанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«КҚК-дағы жағдайға тоқталайын. Қара теңізде дауыл соғып жатқанын білесіздер. Объективті түрде ауа райына қатысты проблема бар. Кеше жүк тиеген кемеге не болғанын білесіздер. Мұндай жағдайда (мұнай – автор) жіберу мүмкін емес. Бұл – қауіпті. Синоптиктердің болжамынша, бейсенбі, сағат 16:00-де ауа райы қалпына келеді. Бұл бұл танкерлерге акваторияға кіруге және жүкті (мұнайды) тиеуге мүмкіндік береді», - деді министр Үкімет отырысының алдында.
Алдын ала мәліметке қарағанда, Каспий құбыр консорциумының теңіз портындағы шамамен 1 млн тонна мұнайды құрайтын резервуар паркі толуға жақын. Сондықтан жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау мұнай құбыры паркінің бос бөлігін толтыруға және терминалдың резервтік паркіне бағыттау арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортқа шығарылады.