×

Елімізде 62 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Дегенмен қазір 286 нысан құрылысы тоқтап тұр

 Қымбат Елтайқызы 29.03.2022 | 09:00
фото: ашық дереккөзден

2022-2025 жылдары Қазақстанда 62 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.

2022 жылғы 28 наурызда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Кеңесте Қазақстанның құрылыс және тұрғын үй салаларын дамыту перспективасы қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдын ала болжамдары бойынша, 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 62 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар 5 201 мемлекеттік нысан құрылысы жүріп жатыр. Оның 2 137-сі мемлекет қаражаты есебінен салынып жатыр. Қазір 286 нысан құрылысы тоқтатылды. 84 нысанда жұмыстардың тоқтауына бағаның қымбаттауы себеп болса, 202 құрылыс басқа да себептер бойынша (ауа райына, маусымдық шектеулер және т.б. байланысты) тоқтатылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, әрбір нысан бойынша жағдай сарапталып, жұмыстарды қайта бастау мүмкіндігі қаралып жатыр, – дейді үкімет.

Премьер-министр нысандар салуға өткізілетін мемлекеттік конкурстардың жосықсыз ұйымдастырушыларын жауапқа тарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. 

«Бюджеттік қаржыландырусыз құрылыстарға конкурстар жарияланады. Бұл – заң тәртібін бұзу. Кінәлі тұлғаларды тиісті жауапқа тартуды қарастыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ мемлекеттік құрылысқа жұмсалатын шығындарды азайту мақсатында үкімет басшысы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, жобалау-сметалық құжаттама құнының баға белгіленуіне талдау жүргізуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама