×

«Ұлттық банк ұйықтап жатыр». Экономист инфляцияны шектеу туралы айтты

Биліктің, олигархтардың мүддесі басым

 Айнұр Шошаева 19.02.2023 | 15:15
фото: ашық дереккөз

Экономист Сапарбай Жұбаев Ұлттық банктің жұмысын сынады. Оның пікірінше, Ұлттық банк доллар бағамын 460-475 теңгеде ұстауы қажет, деп хабарлады Halyq uni.

Соңғы күндері доллардың айырбастау бағамы 444 теңге болып, Ұлттық валютамыз қуаттануда. Әдетте бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ қазір емес. Себебі теңгенің қуаттануы экспорттаушыларды, өндірушілерді ынталандырмайды, бюджет түсімдеріне кері әсер етеді. Сондықтан Ұлттық банк Алтын-валюта қорына көбірек валюта сатып алу монетарлық саясатын жүргізу арқылы доллар бағамын 460-475-те ұстауы қажет деп ойлаймыз, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасына.

Сонымен бірге, экономист Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауы керек деп есептейді.

Соңғы жылдары біздің Ұлттық банк көп жағдайда «ұйықтауда». Өткен жылғы инфляцияны да шектеу негізінен Ұлттық банктің жұмысы еді. Үкімет қайта өндірушілерді, негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауы керек, яғни олардың өнім бағасын шектемеуі қажет.Мысалы, пиязды экспорттауға тыйым салды. Биыл диқан пиязды аз егіп, нағыз тапшылықтың көкесін сонда көреміз. Шектеу ешқашан нәтиже бермейді, - деп қосты ол.

Бұған қоса, Сапарбай Жұбаев қазіргі айырбастау бағамын уақытша себептердің әсері деп санайды.

«Экспортымыз импортқа қарағанда көбірек, яғни валюта түсімі басым. Валютаға сұраныс төмен. Төлем балансының ағымдағы шоты – оң. Мұнай бағасы барреліне 75-85 доллар және одан да жоғары болады деп күтілуде. Ұлттық қордан валюта биржада сатылып, алынған теңге бюджетке трансферттеліп жатыр. Биліктің, олигархтардың мүддесі басым. Компаниялар валюталық түсімдерін 50% сатуға мәжбүрленген. Валютаны шетке алып шығу шектелген. Ресей, Қытай (БРИКС) долларсыз саудаға өтіп жатыр. Қашан экономикамызды әртараптандыру арқылы өңдеуші саланы дамытпайынша, осындай құбылыстар бола береді», - деп қорытындылады сөзін экономист.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама