Ауыл тұрғындарына бизнеспен айналысу үшін шағын несие беріледі
Осы мақсатта Жетісу облысына 1,5 млрд теңге бөлінеді
Өңірдің 400-ге жуық тұрғыны мен ауыл шаруашылығы кооперативі бизнес бастауға немесе дамытуға жеңілдікпен шағын несие ала алады. Бұл туралы облыс фермерлерімен кездесуде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
Жетісу бойынша құны 27,9 млрд теңге болатын 14 жоба тиімді несиелендіруге үміткер болып отыр. Облыста жаңа сүт-тауар фермалары мен құс фабрикалары ашылады. Бұл импортты алмастыру және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерімен толтыру жұмыстарына көмектеседі.
Министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен субсидиялаудың жаңа ережелерінің жобасын және алдағы көктемгі егіс науқанына дайындық барысын талқылады. Өңірде биыл 519 мың га аумақты егу жоспарланып отыр. Атап айқтанда 308,6 мың га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 95,4 мың га майлы дақылдар, 9,4 мың га көкөністер мен бақша дақылдары, ал 85,6 мың га жемшөп дақылдары егіледі.
Айта кетейік, «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіске өткен жылғыдай 140 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады.